Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын (2015 ж., 30 қараша) іске асыру және түсіндіру бойынша өткен жиналыста Сарысу ауданының әкімі Б.Жайлыбаевтың СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті жиынға қатысушылар!

            Өздеріңізге белгілі, 2015 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын жарияланды.

Осыдан 18 жыл бұрын, 1997 жылы қазан айында «Қазақстан 2030» даму стратегиясы қабылданған болатын. Осы жылдар ішінде бұл қабылданған стратегияның дұрыстығы дәлелденді. Онда қойылған міндеттер көптеген параметрлер бойынша орындалды. Бұл Елбасының, барша қазақстандықтардың еңбегінің жемісі.

Биылғы Елбасы Жолдауы әлемдік дағдарыстағы Қазақстанның әрекеттеріне арналып отыр.

Ең басты мемлекеттік құжатта Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы және құрылымдық өзгерістердің 5 бағытын ұсынды:

– БІРІНШІ. Қаржы секторын тұрақтандыру.

– ЕКІНШІ. Бюджеттік саясатты оңтайландыру.

-ҮШІНШІ. Экономикалық бәсекелестікті жекешелендіру және ынталандыру.

-ТӨРТІНШІ. Инвестициялық саясаттың негіздері.

– БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқына Жолдауы барысында: «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету, дамыған 30 елдің қатарына қосылу, бай және мықты мемлекеттердің қатарына енгізу».

Мемлекет басшысы қазіргі таңда әлемдік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып отырғанын атап өтті. Жаһандық нақты ахуалдың жедел өзгеруін, алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырағанын айтты.

«Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін кез» – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігін, заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет екендігін атап өтті.

«Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Біз көпке қол жеткіздік», – деді Елбасы.

Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. «Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік.», – деді Президент өз сөзінде.

«Мәңгілік Ел» ұлы жолын бастаған біздің қолымызда дағдарысқа қарсы ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді перспективаға іс-әрекеттер стратегиясы бар. Бүгінде ең басты стратегиямыз – ол өсім, реформалар және даму»,- деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша бірінші кезекте экономикалық өсім.

Осы ретте Президент Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. «Бүгінде тұрақты экономикалық өсімге жету үшін ішкі ресурстарды барынша тиімді пайдаланған дұрыс» – деді.

«Мен дағдарыстың жалғасып келе жатқанын, оның жаңа толқыны болатынын бірнеше мәрте айтқан болатынмын. Осы жолы Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда», – деді Елбасы.

Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.

Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму  бағдарламасын қабылдадық.

Үшіншіден, біз «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетілдірілуде. Осы шаралардың бәрі де мемлекетке, қоғамға біздің экономикамызға қосымша төзімділік береді» – деді Елбасы.

Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық.

Бесіншіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы баррельіне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді.

Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде  құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда.

Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. Соңғы бесм жылда 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылды.

Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті» – деді Елбасы.

Жетіншіден, қазақстандықтардың экономикалық мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр.

Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру.

Мемлекет басшысы қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігін айтты.

Сонымен қатар, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесіне қайта оралу болмайтынын да айтып кетті.

Осы ретте Елбасы Ұлттық банкке банк секторының барлық субъектілерінде жұмыс істемей тұрған несиелерді анықтау жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Капиталдандыру проблемасын шеше алмайтын банктер қаржы жүйесінен кетуі тиіс», – деді Н.Назарбаев.

Елбасы бүгінгі әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызды екенін атап өтті.

Осыған байланысты, Елбасы Үкіметке және Ұлттық Банкке нақты ұсыныстарды дайындауды тапсырды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қазақстан халқының барлығы қаржылық операцияларды теңгемен жүзеге асыруды үйрену қажет екендігін атап өтті.

Ол «Біз барлығымыз теңгемен өмір сүреміз, нанды, сүт өнімдерін, киім-кешектің барлығын теңгемен сатып аламыз. Доллар шетелден киінетіндер үшін қажет. Оларға кейбір импорттық тауарлар үшін қажет» деп түсіндірді.

Ұлттық Банкі ортамерзімді перспективада инфляция деңгейін 4%-ға дейін төмендету, сонымен қатар Ұлттық банктің бақылауынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын, проблемалы кредиттер қорын және басқа да қаржы институттарын шығару қажет екенін атап өтті.

Президент өз сөзінде 2016 жылы зейнетақы активтерін жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс деп атап өтті.

Елбасы Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс екенін атап өтті.

Елбсының айтуынша, қаржы секторына қатысушылардың бәрімен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттірмес шараларды қабылдағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсілдермен ынталандыруға кірісуге болады.

Президент «Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін» – деп қосты.

Елбасы өзінің жыл сайынғы саяси құжатында қазақстандықтарды қаржыларын теңгемен ұстауға шақырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы «Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі деп санайды. Адам дүкенге келіп, тауар бағасын өзінің қаражатымен салыстырады, ол ақшасы жетпейтін тауар сатып алмайды.

Елбасы «Бұл дағдарыс уақытында келді, себебі, ақшаны қажетсіз жерге емес, халықтың игілігі үшін жұмсауға үйретеді» – деп қосты. Егер біз шығындардың барлығын оңтайландырсақ, барлығы жақсы болады.

ҚР Президенті сөзінен бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз.

Сөз сөйлеу барысында бюджет не екенін түсіндірді? «Бюджет – барлық құқық қорғау органдарына, әскерге, мұғалімдерге, дәрігерлерге, полицияға, әлеуметтік құрылымдарға тағыда басқаларға жалақы болып табылады. Осы сомасы төмендеді. Біз осы қаражаттар арқасында мектептер, ауруханалар соқтық» деді Елбасы.

Мемлекеттің тиісті шаралар қабылдағаның аса маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінен: «Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді, себебі өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдерін сатылуы азайып, металл, химиялық өнімдер, мұнай, газ бағасы төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Біз оған жол бере алмаймыз».

Елбасы бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес екендігін айтты. Мемлекет басшысы «Біз алдағы 2017, 2018 жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс», – деді.

Оның ойынша Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек.

Осыған орай, Президент Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Елбасы өз сөзінде салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгейді қалдыру керектігін ұсынды.

Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.

Мемлекеттік құжатты жариялау барысында Елбасы Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырды.

«Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет» – деді.

Елбасының айтуынша, Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде.

Сонымен бірге, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары бүкіл ауылшаруашылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес.

Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет екендігін айтты. Мысал ретінде әлеуметтік нысандардың құрылысында осындай тетіктерді пайдаланатын Алматы қаласы мен Алматы облысын айтып кетті.

Мемлекет басшысы «Бүгінде жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор» – деп айтты.

ҚР Президенті бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор деп қосты.

«Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде: «Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр? Ең алдымен, үлкен мемлекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайтындығын» жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады деп, хабарлады.

«Самұрық-Қазына» мен «ҚазАгро» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды.

Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады» – деді Елбасы.

Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет,- деді Елбасы.

Осыған байланысты Елбасы Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырды.

«Жаңа бағдарламаға «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» ұйымдарымен нысандары енгізілуі тиіс», – деді Президент.

Елбасының айтуынша жекешелендіруден кейін осы үш басқарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалып іспен айналысатын болуы тиіс. Егер істері жоқ болса, оларды жою қажет.

Әрі қарай, еркін және саламатты бәсеке үшін Президент ҚР Үкіметіне бірқатар тапсырма берді:

Біріншіден, антимонополиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасау тапсырылды. «Бізге антимонополиялық ведомство туралы   мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек» – деді Елбасы.

Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкіметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыру тапсырылды.

Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. «Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар  мемлекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады» – деді Елбасы.

«Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады.

«Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан мемлекет алдына ауқымды тапсырмалар қойды.

Президент жылдық өнімнің экспортын жақын арада ағымдағы жылға қарағанда 2 есе көбейтуін және жыл сайын 30 млрд долларға дейін өнімді шетелге өткізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент экономикаға құйылып жатқан инвестициялардың жылдық көлемін 10 млрд долларға көтеру қажеттігін айтты. Жалпы, алдағы онжылдықта инвестициялардың өсімі 100 млрд доллардан кем болмау керек.

Мемлекет басшысы 660 мың жаңа жұмыс орнын ашуын және еңбек өнімділігін екі есе ұлғайтуын тапсырды.

Мемлекет басшысының инвестициялық саясатының негіздері:

Біріншіден, трансұлттық корпорацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек.

Президент Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырды.

Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырды. Өңірлерде жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек екендігін атап өтті.

Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Елбасының пікірінше, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет деп санайды.

Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн.

Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет.

Бесіншіден, Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттырған жөн.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жолдауда 2016 жылы Қазақстанда «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің және бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы арттырылатынын жеткізді.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін көтеріледі. Сондай-ақ, 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады.

Елбасы өз сөзінде алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетіндігін және 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейтінін жеткізді.

Сондай-ақ, Елбасы айтқандай «әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиіс».

Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа әлеуметтік саясат жасауды және үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

«Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Үкіметке жаңа әлеуметтік саясат әзірлеу қажет. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Және бұл әділетті» деп санайды Президент.

Елбасының сөзі бойынша, азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет.

Мемлекет басшысы еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті дәстүрлі Жолдауларында 2017 жылдан бастап елімізде кәсіби-техникалық мамандықтар тегін болатынын үнемі айтып келген.

Елбасы 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялады.

Президент өз сөзінде:  «Жұмысшы мамандықтарын игеру керек. Мектеп бітірген соң біреулер колледжге, университетке түседі, біреулер армия қатарына аттанады. Дегенмен, олардың отыз пайызы қалады. Олар мамандық алулары керек. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», – деді.

Мемлекет басшысы жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырды.

Президенттің айтуынша, айналаның бәрінде де жұмысшының «алтын қолынан» шыққан дүниелер мысалдар толып жатыр. Бұл ретте Н. Назарбаев еңбек адамы қашанда елеулі болуы тиістігін, сол үшін арнайы награда бекітілгенін айтты.

Елбасының айтуынша Қазақстан халқына Жолдауындағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын береді.

Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс.

Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек.

Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс.

«Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын» – деді Елбасы.

Біздің ауданымыздың да әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында ілгерілеу бар. Биылғы жылға жоспарланған шаралар жүзеге асырылуда. Алдағы жылдың еншісіне аймақтарды дамыту, ауылшаруашылығын, кәсіпкерлікті, өндірісті, әлеуметтік саланы дамыту бойынша нақты жұмыстар белгіленді.

Сондықтан да алдағы міндеттеріміз, жоспарларымыз да ауқымды.

Сарысулықтар белгіленген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін.

Баршаңызды Елбасы Жолдауын қолдауға және Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асыруға бірлесіп күш салуға шақырамын.