Жастарды жұмыспен қамту басты назарда

Ақпан 9, 2019

Жуырда аудан әкімінің мәжіліс залында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныс аудару» мәселесі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы  Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары мен бас мамандары басқосу өткізді. Басқосуға аудан әкімдігі мен жастар қатысты.

Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Берген Омарбек жүргізіп, төрағалық етті.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Омарбек:

– Жастар еліміздің болашағы. Елбасы қойған міндеттерді орындау бүгінгі өмірдің талабынан туындап отырған дүние. Сондықтан, Сарысу ауданында тұратын жұмыссыз жас-тарымыз Солтүстік Қазақстан облыстарына барып, мемлекетіміздің беріп отырған жеңілдіктеріне орай, көшіп барып жұмысқа орналасса деген ақыл-кеңесін айта келіп, Солтүстік Қазақстан да қазақтың жері, табиғаты әсем, ауасы таза елді мекендерге барып жұмыс істесе тиімді болар еді,-деді.

Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім басшысының орынбасары Б.Шегебаев:

-Бүгінгі таңда жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жастарға жасалып отырған жеңілдіктер өте тиімді. Ғ.Мүсірепов және Тайынша ауданына ерікті түрде қоныс аударамын деген кісілерге үй, қаражат және жұмыспен қамту жолға қойылған. Қоныс аударып, жұмыс істеуге келемін деген азаматтарға көмегімізді көрсетеміз,-деді.

Ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығындарды өтеуде және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу субсидия 12 ай бойы 36075 теңгеден 48100 теңгеге дейін (15-тен 20 МРП дейін) отбасы мүшелерінің санына қарай төленеді. Бір айта кететіні осы бағдарламаға ену үшін қолыңызда қалай да бір оқу орнының дипломы болу керек. Бізге негізінен дәрігерлер, мұғалімдер, механизаторлар және жеке кәсіппен айналысамын деген жастар өте қажет,-деді.

Содан соң сөз алған Тайынша ауданы әкімдігінің өкілдері де өздеріне қажетті мамандықтар және көшіп келген азаматтарға берілетін көмектер мен жұмыстар жайлы толық ақпараттар беріп өтті. Жиналыс соңында көшуге ниетті азаматтар жекелей сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мәліметтерін алды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Берген Омарбек Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегат мүшелерінің жұмыстарына табыс тілеп, түсіндірме жүргізгендері үшін алғысын білдірді.