Жастар еліміздің болашағы

Шілде 3, 2019

Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханованың төрағалығымен  мемлекеттік жастар саясатының ауданда іске асырылуы туралы кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысына қала, ауылдық округ әкімдері,  мекеме, кәсіпорын басшылары, мектеп директорлары, аудан жастары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Жаңаталап ауылдық округінде жастар саясатының іске асырылуы туралы» ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұрғали Нұрхат хабарлама жасады.

– Жалпы ауылдық округте жастар саясаты аясында жұмыстар жүргізіліп келеді. 2019 жылға жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға қатысты нысаналы индикатордың межелі көрсеткіште бекітілген 15 жастың  алтауы жұмыспен қамтылған. 1 жас кәсіпкерлік негіздерінде оқытылды.  «Жастар жылы» аясында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік грантқа нақты бизнес жоспарымен 7 жас кәсіпкер құжаттарын ұсынды. Жастарды қайырымдылық шараларына тарту мақсатында «Жан жылуы», «Жүрек жылуы» атты акция аясында, ауыл жастары ауылдағы тұрмысы төмен жандарға тегін азық-түлік таратып, үй шаруаларына көмек көрсетуде. Жастар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары жүргізіліп, дүкендерде кәмелетке толмаған жастарға ішімдік, темекі сатпау туралы ескертулер жасалынды.  Алдағы уақытта жастарымыздың патриоттық сезімін қалыптастыру, Отан сүйгіштікке баулу жұмыстары  жалғасын табады,-деді.

Одан кейін, сөз алған аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы С.Нұркенов «Бизнестің жол картасы-2020»  бизнесті  қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы  хабарлама жасады.

-Бүгінгі күнге  кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар жұмыс жасауда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы  аясында жастарға арналған қайтарымсыз  3 миллионға дейінгі қаражатқа конкурс жарияланған болатын. Бекітілген мерзім ішінде аудан бойынша 58 жастар өз жобаларын ұсынды. Бүгінгі күнде құжаттар бөлім тарапынан облыстық комиссияға ұсынылды. Алдағы төрт күн ішінде комиссия отырысына құжат ұсынған жас кәсіпкерлер жобаларын қорғайды. Кәсіпкерлер арнайы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүргізілетін «Бизнес бастау» курсынан өту міндеттелген. Осы орайда, үстіміздегі жылы оқудан өткен тұлғалардың, оның ішінде жастардың санын әр ауылдық округ бойынша бөлінісін ұсына отырып, ауылдық округ әкімдерінен аталған кәсіпкерлерді ауылға қажетті кәсіп түрлеріне бағыттау бойынша жұмыстарды жүргізуді сұраймын,-деді.

Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ж.Жұмағұл «Ауданда жастар саясатының іске асырылу барысы туралы» айтты.

-Бүгінгі таңда, ауданда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 10 159 адам. Бұл аудан халқының 23,1 пайызын құрайды. 2019 жылға жастарды жұмыспен  қамтудың  белсенді шараларына тартуға қатысты нысаналы индикаторларға нақты талдау жасалып, облыс әкімдігінің жастар саясаты  мәселелері басқармасымен бекітілген индикатор 6 айдың көрсеткіші бойынша орындалды.   Оның  ішінде, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында  сәуір-мамыр айларында маусымдық жұмысқа тартылып, ақылы түрде жастар орталық саябақ пен қала ішінің тазалық жұмыстарын атқарды. Жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, нашақорлыққа қарсы және дін мәселесі барысында жыл басынан бері «Қауіпсіз қала» акциясы аясында түнгі рейд жүргізіліп, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, колледж-дерде аудандық мешіттің наиб имамы, теолог маманның қатысуымен жастардың рухани құндылығын байыту, тәрбие беру мақсатында жастармен кездесулер өткізілді. Психологиялық бағыт бойынша білім ордаларында жастарды рухани құндылыққа баулитын «Маған өмір қымбат» атты іс-шара өтті. Кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында қала және ауылдық округ- терде арнайы сала мамандарымен  түсіндірме жұмыстары, семинарлар жүргізілді. Жастар жылы аясында жастармен бірлесіп ауқымды іс-шаралар, игілікті істер атқарып келеміз. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға  жаңа бизнес-жоспарларды іске асыруға арналған  мемлекеттік грантқа ниет білдірген 25 жастың тізімі жасақталып, облысқа ұсынылды. Алдағы жоспарда жастар арасында мәдени, рухани тәрбиелік мәні бар және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау интелектуалды сайыстарды кең көлемде өткізу жоспарлануда-деп, алдағы уақытта аудан жастарымен бірігіп, іс-шаралар жүргізілетін болатынын жеткізді.

Жиын соңында, аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, нашақорлыққа және ішімдікке қарсы күрес жұмыстарын күшейту керектігін ескертіп, қорытындылады.