Жаңа жоба-жарқын таңдау

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы-мемлекет құраушы ұлтты негіз еткен мәңгілік ел болудың нақты бағыт-бағдары. Оның негізгі ережелерін түсіндіру, насихаттау жұмыстары бойынша, «Аудандық жобалық офисінде» іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жаңғыруымыздың темірқазығындай болған латын әліпбиіне көшу мәселесінде үлкен жүректілік пен халықтың қарқынды қолдауы қажет.

Жуырда ғана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, жаңа нұсқамен танысты.

– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қаріпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады,-деді Елбасы.Шындығында, елдің талабы ескеріліп, халықтың пікірімен санасып, ұсынылған бұл жаңа жоба көптің көңілінен шықты десе де болады. Себебі алдыңғы нұсқада төл дауыстарымыз – ә, ө, ү дыбыстарының  қос әріппен белгіленуі көпшілік тарапынан қарама-қайшылық тудырып еді.

Ал, жаңа нұсқада бұл мәселе өз шешімін тауып, бір әріп, әріптің үстіңгі оң жағына  ноқат қойылып, апокрифпен белгіленетін болды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ көпшіліктің пікірімен санасып, қорытынды жасаған жоба- бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі. Осы орайда Жайлаукөл, Жайылма, Түркістан, Саудакент, Жаңаарық ауылдарында офис құрамы арнайы болып, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар жаңа жобаның ұнағанын, жазуға икемді, жаттауға қолайлы, тез үйренеміз деген пікірлерін білдірді.

Осы латын әліпбиінің жаңа нұсқасына байланысты бірқатар аудан тұрғындарының пікірін білген болатынбыз. Атап айтар болсақ:

Ахан Шортанбаев, Арыстанды орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Бүгінгі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық -тіл ауыспай, таңбаның ауысуы.

Латын әліпбиіне көшу-қазақ xалқының xалықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу-заман талабы.

Қазақ тілінің болашағын ойласақ латын әліпбиіне көшу өте орынды шешім. Оны үйренуге де ешқандай кедергі жоқ, 3 тілде білім алып отырған қазақ жастарына латын қаріпін үйрену мәселе болып па?

Латын әліпбиіне өту тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыру жолындағы тағы да бір айқын қадамдарының бірі болмақ. Соңғы нұсқасы маған жалпы ұнады.

Райса Жұмаділдаева, Жаңатас қаласы:

–   Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын.  Қазақ әліпбиін латын Қ әрпіне көшіру-өмір талабы.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз-қорқақ, қол-батыр» – деп, дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып, нақты нық қадаммен алға басайық!

Марат Серкебаев, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің оқытушысы:

–    Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бас-тау алды. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшті.

Сондай-ақ, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған.

Осы орайда, ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз.

Біріншіден-араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші-латын әліпбиі

(1929-1940 жж.), үшіншісі-кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейін).

Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсам, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды.

Бағдат Тұрабаева, орталық аурухананың аудандық акушері:

–   Латын әліпбиіне көшу-XXI ғасырдың жалынды жастары үшін, ешқандай қиындық тудырмайды деп сенімді түрде айта аламын. Мағжан ақын сенген жастар, бұл үрдісті оңай қабылдай алады.

«Жастар-еліміздің болашағы»-деп, Елбасымыз айтқандай жастар үшін латын әліпбиіне көшу айтарлықтай қиын мәселе емес. Себебі, біздің қазіргі жастар қай салада болмасын өздерін белсенді көрсете біледі.Сол себепті жастар Елбасының ұсынысын қолдайды және оның жүзеге асырылуына бар күштерін жұмсайды деген ойдамын,-деді.

Ақиқатында латын әліпбиінің жаңа нұсқасы көңілге қонымды.

Десек те, әріптердің ноқаттарын бөліп екі жұмыс қылмай компьютердің пернетақтасына әріппен бірге орналастырылса 32 әріп тақтаға жеке-жеке сияды.