ЫҚЫЛАС ДҮКЕНҰЛЫ

Қараша 15, 2020
ЫҚЫЛАС ДҮКЕНҰЛЫ
(тарихи)
Ықылас Дүкенұлы мемориалы аудандағы аса бағалы да тарихи мен мәдениет маңызды ескерткіштердің бірі.Қобыз кескіндес архитектуралық машықта салынғанбұл кесене бүгінде ауылға айшық беріп, қасиетті орынға айналған.
Ықылас Дүкенұлының өміріне тоқталып өтсек (1843-1916 жж.) Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағыМұңғылқұлы тауының етегінде туып өскен; Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Шу өзені жағасындағы Қуарал жеріне жерленген.Қазақ арасында атағы кең таралған күйші-қобызшысы, композитор, қылқобыздың асқан шебері болған. Ықыластың арғы аталары, әкесі Дүкен және балалары да қазаққа белгілі қобызшы болған.
Ықылас 15 жасында қобызды толық меңгеріп , әкесінен үйренген халық күйлерін нақышына келтіріп орындаған. Халық арасында кеңінен тараған аңыздар мен эпикалық жырлар көрініс тапқан күйлерді шығарған.
Оның атақты «Жезкиік», «Қамбар», «Қазан», «Шыңырау» күйлері осының дәлелі. «Ықыластың күйі» атты шығармасында оның өмір туралы ой-толғаулары көрініс табады.Қобызда ойнау техникасын байыта отырып, ғасырлар бойы қалыптасқан қобыз музыкасының принциптерін сақтап қалған.
Ықыластың атасы бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің ұрпақтарыңажеті атаға дейін қамқор болады» – деп аян беріпті деген аңыз бар.Осылай болды да, Ықыластың үш баласы -Дүйсенбай, Түсіпбек, Ақынбайлар да дарынды қобызшылар болды.
Олардың балалары, немерелері мен шөберелеріЖамбыл облысындатұрады. Ықыластың өзі ойнаған көне қобызы беріге дейін Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы болған. 2008 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы ол қобызды сатып алып, мемлекеттік мұражайға табыстаған.Қазір Ықылас Дүкенұлының қара қобызы мемлекет қорғауына алынған.
Мемориал 1993 жылы Ы. Дүкенұлының 150 жылдық мерейтойына арнап салынған. Ықылас Дүкенұлы мемориалы – Саудакент ауылынан оңтүстікке қарай 1 шақырым жерде Жанатас қаласына баратын трассаның оң жағында орналасқан. Географиялық координаттары: с.е. 43 43 19.85, ш.б. 069 555,12.Архитекторлар: Байтенов Э.М. , Еспембетов А.С., Сахариева Г.Б.
Мемориал монолитті темір бетоннан, кірпіштен тұрғызылған, мәрмәр және гранит тақталармен қапталған. Үш бөліктен тұратын, күрделі композициялы құрылыс қобыздың пішінін сомдайды. Негізгі бөлігі шеңбер болып келетін көрхана. Үсті биік конус тәрізді күмбезделіп келген, жалпы биіктігі 5,4 м витражбен кесілген. Ішкі құрлысында көрханаға кіретін ұзын дәліз және оның екі қапталынан жапсарлас шағын бөлмелер салынған. Көрхананың ортасында жазуы бар мемориалдық тақта мен өңірдегі әулиелердің топырақтары әкелініп айналдыра іргесіне қойылған. Қосымша бөлмелер музей ретінде безендіріліп, қобызшының шығармаларының атауы мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Мемориал айналасындағы территория металл қоршаумен қоршалған , тақта тас төселген, көріністерқоятын алаңы бар.
2006 жылы«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кесенеге жергілікті бюджеттен 200 мың теңге қаржы бөлініпкүрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2008 жылы аудандық бюджеттен 1 млн , 500 мың тенге қаржы бөлініп, кесенеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2010 жылы Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енді.
2011 жылыЕл Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында кесенеге қайта қалпына келтіру жұмыстарыжүргізілді. Кесененің ішкі қабырғасы құлаған тұстары қайта әрленіп , соңғы үлгідегі пластик қабырғалармен қапталды. Жөндеу жұмысын жергілікті кәсіпкер Тоқтасын Біләлиев өз қолына алып,өз қаржысымен жүзеге асты.
2017 жылы «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, Ықылас Дүкенұлы мемориалына мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған сілтеме бағыттауыш, ақпараттық тақтайшалар орнатылды.
2017 жылы Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді.
Ал, 2018 жылы ауданымызда туризм саласын дамытуда «Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы» КММ-нің қолдауымен мемориалға QR-код (цифрлы код) орнатылды.