Ұсыныс-пікірлер ортаға салынды

Ақпан 9, 2019

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. 2018 жыл аудан үшін берекелі де, жемісті болды. Елбасы жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулері басталған болатын. Осындай есепті жиынның бірі – Аудан әкімі Балабек нарбаев пен Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашовтың  ел алдында 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы  және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысымен таныстыру есебі Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ұ.Сыздықбайұлы ауылдық клуб үйінде болып өтті.

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Арыстанұлы Бегеев жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып отырды.  Есеп беру жиынына аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен мекеме, кәсіпорын басшылары, ауылдық округтегі шаруа қожалық төрағалары, ауыл тұрғындары мен ардагерлер қатысты.

Бірінші мәселе бойынша ауыл әкімі О.Мұқашов өз есептік баяндамасын 2018 жылдың қазан айының 5 – і күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы туралы және тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты бағыттарын белгілеп бергендігіне тоқталды. Сонымен қатар, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы- төл тарихқа, түп – тамырымызға үңілуден туған толғаныс екендігін айтып,  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екендігіне тоқталды. Соның нәтижесінде, егемен еліміз әрқашанда жаңа биіктерді бағындырып, бүгінгі күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаған, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын көздеген айбынды мемлекетке айналуымыз керектігін айта келіп, ауылдық округтегі атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды.

Ауыл әкімі бүгінде ауылдық округтегі егістік жерлердің игерілуі, ауыл тұрғындары мен жеке шаруа қожалықтарындағы мал басының өсімі, мал шаруашылығын  асылдандыру және өркендету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып, ауылдық округтегі салықтық және салықтық емес түсімдердің бекітілген бюджеттік өсімі туралы айтты. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілер санын арттыру, ауылдық округ бюджетінің игерілуі, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарға жағдай жасалынып жатқандығын, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жүзеге асырылуы, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу туралы мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.

Сонымен қатар, ауылдық округте 1722 тұрғынға 2 мектеп,   2 медициналық фельдшерлік пункт, 2 клуб үйі, 2 кітапхана, 1 балабақша, 1 балалар шағын орталығы, 2 мешіт, 1 өнер мектебі, 4 азық-түлік дүкені, 2 балалар ойын алаңы, 3 саябақ және 1 шағын футбол алаңы бар екендігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауыл әкімі ауылдық округте мерекелік күндерде өтетін іс шаралармен де таныстырды.

Ауылдық округте  «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасының шеңберінде Ұ.Сыздықбайұлы ауылында жасалып жатқан «Ақсақалдар аллеясының» құрылысы биылғы жылы аяқталатындығын, ауыл азаматтарының санатын анықтау бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне елді мекен шегіндегі жерлер электрондық тізімге алынып, қазіргі таңда шаруа қожалықтарының жерлері электрондық картаға енгізіліп жатқандығын, бүгінгі күнде алға қойылып отырған мәселе бірыңғай жинақтық төлем болып отырғандығын, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын, өзін – өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Қазақстан Республикасының 26 желтоқсан 2018 жылғы №203-VІ заңымен үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып есептелетінін айтып, төлейтін сома көлемі – 1263 теңге екендігін түсіндірді.

Округ әкімі есепті баяндамасын қорытындылай келе, жыл сайын осындай жиындарда көтеріліп, әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселе интернет желісі мен ұялы байланыс жүйесі екендігін, Ақтоғай орта мектебіне жылу беру үшін от жағатын қондырғыны дизель отынынан көмірге ауыстырылған-дығын,  алайда, көмір түсіретін орынға баратын жол және тротуар  тар екендігін айтып, бұл мәселе алдағы уақытта шешілетіндігін жеткізді.

-2019 жыл «Жас-тар жылы» болып белгіленгені бәрімізге белгілі. Елбасы Жолдауында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік санатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек»,-деген тапсырмасы шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылады. Ол үшін, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары аясында жастарға қамқорлық жасау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы, біз ел болашағының берік іргетасын қалаймыз. Сонымен қатар, жастардың өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасайтын боламыз,-деді ауылдық округ әкімі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған аудан әкімі Б.Нарбаев халық алдындағы есебінде Елбасының  2018  жылы 5 қазандағы мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл ауқатынының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының мән-маңызына тоқталып, тарихи құжат елдің бүгінгі болашағын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс жағдайын көтеретіндігін айтты.

Аудан басшысы:

-Биыл да елімізде жасалатын жұмыстар өте көп. Ел болам, отбасымды асыраймын дегендерге елімізде барлық жағдайлар жасалып жатыр. Біздің ауданда тіршілік жасаймын деген азаматтарға мүмкіндіктер көп. Бүгінде ауданымызға шет облыстардан мал асыраймыз, егін егеміз деген азаматтар келіп жатыр. Біздің ауданымыз басқа аудандардан қарағанда жер көлемі Жамбыл облысы бойынша Мойынқұмнан кейінгі екінші орында тұрмыз. Жердің көлемі 3 млн. гектардан асады. Сол жердің бүгін қолданылып жатқаны тек 1 млн. гектарға жетпейтін жері ғана. Қалғаны бос жатыр. Облыс әкімінің бізге беріп отырған тапсырмасына сүйенсек, біздің ауданның экономикасын көтеретін екі ғана нәрсе.

Бірінші-өнеркәсіп, екінші-ауыл шаруашылығы. Бүгінде аудан бойынша өнеркәсіп саласы қолға алынып келеді. Өнеркәсіп, зауыттар көбейсе халықтың тұрмысы жақсарып, жұмыспен қамтылады. Елбасының «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша ауданда бірқатар жұмыстар атқарылды. Өздеріңізге белгілі біз Қазақ елі тарихымыз терең. Сол рухани жаңғыру мақаласы аясында халықпен кездесулерде елде ұмытылып кеткен, өзіміздің рухани байлығымызды қайта елге қайтарып, ұмытылған батырлармен, халықпен жұмыс жасап, көне дүниелерді таптық. Солармен біз жүз есім бойынша ауданға еңбегі сіңген азаматтарды іздедік. Оның ішінде 10 адамды облысқа жібердік. Сол арқылы өз үлесін қосқан азаматтарды халыққа да, мектеп оқушыларына да таныстырдық.

Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Рухани жаңғырудың жалғасы.  «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында ең өзекті тарихи мәселе. Соғыстан кейін ең мықты мемлекеттің өзі  Бауыржан Момышұлының стратегиясынан үлгі алған. Сонда сол кісіден сұраған екен «Сіз ұлы далада жүріп, мынадай стратегияны қайдан білесіз?»-деп. Қазақтың ұлы дала жеріндегі стратегияның мықтылығы сол.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жылқының қасиеттеріне кеңінен тоқталып өткен. Осыншама жерімізді, елімізді қорғап қалғанда батырларымыздың қанаты осы жылқы болған. Сол себептен президентіміз оны қадірлеуді, қасиетті жануар екендігін бізге жеткізді. Біздің қазақтарды көшпенді дейді. Қазақ көшпенді болмаған олар сол кезден білген жер ананы демалдырып, бір жерден екінші жерге көшу арқылы жердің құнарлығын кетірмеді. Ал, қазір біз жерге егін егіп, бір жыл егін бермесе ол жер жарамайды деп тастап кетеміз. Жерге құнар беретін тыңайтқыштарды пайдаланбаймыз. Жерді қадірлей білу керекпіз-деп, аудан әкімі бүгінгі күнде ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, көрсеткіштерге тоқталды.

Аудандағы өнеркәсіп өнімдері 2015-2016 жылдарға қарағанда  бірнеше есеге өскендігін айтты. Ауыл шаруашылығының өсімін айта келіп, мемлекет тарапынан жердің көлемін және әр шаруашылыққа берілген жердің көлемдері қандай мақсатта атқарылып жатқандығы туралы былтырғы жылғы күз айынан бүгінге дейін зерделеп пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайта қайтарып, жерлерді аукцион арқылы жұмыс жасаймын деген азаматтарға берілетіндігін айтып, заңдастыру керектігін түсіндірді. Қараусыз бос жүрген үй жануарларының барлығына егелері қарамаса айыппұл салыну керектігін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аудан басшысы мал етін экспорттау, субсидияны алу туралы, Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйлерді қайта қалпына келтіру, жалпы қаладағы атқарылған жұмыстар, бүгінгі қолданыстағы сұйытылған газдың қауіптілігі, ауылдық жерлердегі мал ұрлығының алдын-алу, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жасалған жұмыстар сынды мәселелерге тоқталып, ауыл әкіміне арнайы тапсырмалар берді.

Тапсырмада негізінен, ауыл шаруашылық кооперативінің жұмысын жандандыру, ауыл шаруашылық өндіріс кооперативінің сүт өңдейтін қондырғыларды орнату, мал сою пункттерін салу, ауылдық округтегі клуб үйлерінің жөндеу жұмыстарын мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы жүргізу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың мәр-тебесін анықтау бойынша жұмыстарды аяқтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектілерінде арнайы сараптама қорытындыларының болуы, тиісті құжаттарды рәсімдеу, айналасын қоршау жұмыстары, өзіндік кіріс көздерін арттыру бойынша айыппұл салу, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің электрондық картасын қалыптастыру, пайдаланылмай жатқан жер көлемін анықтау мәселесін аяғына дейін жеткізу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, аудан аумағындағы елді мекендердің әкімшілік аумақтық құрылымдарының шекарасын орналастыру сынды мәселелерді атап өтті. Жылдық есебін қорытындылай келе, аудан әкімі жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге егжей-текжейлі тоқтап, алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асыратынын жеткізді. Аудан және ауыл әкімдерінің есебін тыңдаған ауыл тұрғындары өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиында алғаш сөз алған Ұ.Сыздықбайұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әділбеков:

-Жасалған баяндамаларда әкімдер нақты есеп берді. Атқарылған жұмыстар айтылды. Аудан мен  ауылдардың көркейіп дамуы туралы хабардар болдық. Ауыл жастары ауыл шаруашылығы саласына белсене қатысуы керек. Әсіресе, мал шаруашылығына көңіл бөлуі  қажет. Барлық нәрсе еңбекпен келеді. Берілген есептерді қанағаттанарлық деп есептеймін-деп, алғысын білдірді.

Онан соң сөз алған Ақтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Аппазов 2018 жылы біраз жұмыстар атқарылға-нын, ауданда өсім бар екендігін, халықтың жалпы жағдайы, әл-ауқатының артып келе жатқанды-ғын айтып, ауылға келген жас мамандарға қолдау жасап, бос тұрған үйлерді жөндеп беріп, тұрақтандыру мәселесі қолға алынса деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар Ақтоғай ауылында балалар өнер мектебін қажеттігін жеткізді.

Ол бойынша аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы І.Баймағамбетов Ақтоғай ауылына балалар өнер мектебінің ашылмау себебі, домбырадан сабақ беретін ұстаздардың ауданда жетіспейтіндігін, бұл мәселе бақылауда болатындығын айтты.

Ауыл тұрғыны М.Әлиев ауылдың шеткі көшесінде жауын – шашын кезінде оқушылардың мектепке баратын жолы батпақ болып кететіндігін айтып, сол жолды жөндеуге көмек сұрады. Ол сұрақ бойынша аудан басшысы Б.Нарбаев жолдың жөнделетіндігін жеткізді.

Ақтоғай ауылының тұрғыны, зейнеткер Т.Рақымбеков Жаңатас қаласы мен  Ақтоғай ауылы арасында қатынайтын бұрынғы  автобус көлігі қайтадан жүргізілсе деген ұсынысын айтып, әкімдердің есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Бұл сұраққа аудан әкімі Б.Нарбаев бұл маршрутта жүретін автобустың қайтадан жүруі үшін арнайы сапартама жасалады деді.

«Орал» шаруақожалығының төрағасы Т.Рақымбеков үш жылдан бері шаруашылығын жүргізу үшін несие ала алмай келе жатқандығын айтты.

Сұраққа аудан әкімдігі кәсіп-керлік және өнеркәсіп бөлімінің маманы С.Нүркенов бұл азаматтың несие алуына жан-жақты көмектер көрсетілетінін хабарлады.

Ауылдық округ әкімінің 2018 жылы атқарған жұмыстары және аудан әкімі Нарбаев Балабек Жанбекұлының ауданның 2018 жылдың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары туралы есептеріне ауыл тұрғындары бірауыздан қанағаттанарлық деген бағаларын берді.