Тұрғындардың алғысы шексіз

Ақпан 9, 2019

Жаңатас қаласы, 6-шағынауданындағы Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде аудан, қала әкімдерінің халыққа есеп беру жиыны болып өтті. Есептік жиынға облыс әкімдігінің бас инспекторы С.Төрегелдиев, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудандық құқық қорғау органдары,  аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме басшылары, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,  қала  тұрғындары қатысты.  

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев жүргізіп отырды. Бірінші сөз кезегін алған қала әкімі С.Мамытов 2018 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып,  үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстар туралы халыққа есебін берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Б.Нарбаевтың «Ауданның 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытынысы туралы» есебі тыңдалып, талқыланды. Аудан басшысы өз баяндамасын қос тілде жасады. Баяндамашы өз сөзінде Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларынан туындайтын аудан, қала көлемінде бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстарды жан-жақты тұжырымды ой-пікірлері арқылы жиынға қатысушыларға түсіндіріп берді. 

Аудан әкімі Б.Нарбаев  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», биылғы «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы қазақ халқының ұлттық құндылықтарының өзектілігіне тоқталды.  Сондай-ақ, болашақта рухани жаңғыру бағдарламасы еліміздің дамуына және жастарымыздың бойында ұмыт болып қалып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды сіңдіретін құнды дүние деп бағалады.

Аудан басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың  «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына тоқталып өтті.

-Еліміздің әлеуметтік-экономи-калық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арнады.

Халқымыздың бай, қуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. 

Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.Елбасы әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың бас-ты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Біз де бар күш-жігеріміз бен білімімізді сарп ете отырып алға қойылған міндеттерді орындаймыз деген сенім білдіргім келеді,-деді.

Есептік жиында жарыссөзге шыққан  6-шағынауданының тұрғыны   Қ.Үмбетәлиев үйлердің алдындағы балалар ойнайтын алаңқайлардағы әткеншектердің қазіргі таңда бұзылып жатқандығын айтты.

Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі Б.Нарбаев:

-Жаңарған Жаңатас белгісі, «Рухани жаңғыруға» арналған ақылды аялдамалар қолдан сындырылды. Осыған жол бермеу барлығымыздың ортақ міндетіміз,-деді.

Қала тұрғыны Б.Түсіпбеков бүгінгі есеп өте жақсы деңгейде өткендігін, қанағаттанарлық деген баға бере отырып, 6-шағынаудандағы «Ботагөз» ғимаратының және бұрынғы балабақшаның орны тазаланса деген ұсынысын жеткізді.

Аудан әкімі Б.Нарбаев:

– Мемлекет тарапынан қаралған жер учаскелеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Айтылған мәселеге келетін болсақ, ол ғимараттарды  сатып алған иелері бар. Аудандық, қалалық ардагерлер кеңес мүшелері, қала тұрғындары ғимарат иелеріне өздеріне тиесілі жерлерді таза ұстау керектігін түсіндіріп айтуы керек,-деді. 

Қала тұрғыны Ф.Парсаева аудан және қала әкімдеріне өз аналық алғысын білдіре отырып, аудан экономикасы дамып, қаламыз күннен-күнге құлпырып, жайнап келе жатқанын жеткізе отырып, спорт саласы дамып, жұмыссыздар саны азайып, көшелер жарықтанып, жолдар асфальтталғанын айта келіп, жыл ішіндегі атқарған жұмыстарға оң бағасын берсе, зейнеткер С.Қырғызбаев қала, аудан басшыларының жыл ішінде атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген бағасын бере отырып, 5a елді мекенінде құрылыс қалдықтарын тазалатуын өтінді.

Қала әкімі С.Мамытов бұл мәселенің алдағы күндерде шешімін табатындығын жеткізді. Арнайы жобалық-сметалық құжаттар жасала-тындығын айтты.

Жиын соңында, аудан және қала әкімдері тұрғындардың берген сауалдарына тұшымды жауаптарын берді. Жиынға қатысқан қала тұрғындары қала және аудан әкімдерінің бір жылдық атқарған жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.