ШОҚАЙ ДАТҚА КЕСЕНЕСІ

Қараша 15, 2020
ШОҚАЙ ДАТҚА КЕСЕНЕСІ
(ХІХ ғ.) (сәулет)
Шоқай датқа кесенесіСаудакент ауылында ескі мазараттың солтүстік бөлігінде орналасқан.
Кесене күйдірілген кірпіштен бір күмбезді етіп салынған, аумағы 7,4 х8,1 м.Бас фасады биік порталмен ерекшеленеді.Екі шеті дөңгелек мұнараға ұласады. Мұнараның жоғарғы жағында жарық түсетін саңылау бар.
Шоқай датқа өміріне тоқталып өтсек, датқа Қарабекұлы Саудакент шахарында ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға.
Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауызға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Қоқан хандығының үстемдігі кезінде, Датқа лауазымын алған Шоқай датқа Қарабекұлы Қоқан хандығының зорлықшыл тобына емес,өзінің халқына қалтықсыз адал қызмет еткен. Сол замандағы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғаларымен қарым –қатынаста болып, ел бірлігіне, халықтың болашағына байланысты мәселелерді солармен ынтымақта шешіп отырған. Ол Кенесары хан Шу бойына келгенде онымен дәмдес, тұздас болды. Оған қолдау көрсетті. Қырғыз, қазақ арасындағы дау-даймаларды шешуге араласты.Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады.
Аса бағалы ескерткіш болып саналатын, ХІХ ғасырда салынған Шоқай датқа Қарабекұлының кесенесі Қазақ СССР Министрлер Советінің 1982 жылы 26 қаңтар № 38 қаулының Республика дәрежесіндегі тарихи-мәдени ескерткіштер ретінде тіркеуге енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Кесенені1946 жылы археолог Г.И. Пацевич: 70-80 жж. – ҚазКСР Мәдениет министрлігінің және«Казжобалауреставрация» экспедициялары зерттеу жұмыстарын жүргізген.
1990 жылдары қабырғаның құлаған түстары қайта қалпына келтірілді. Ғимараттың оңтүстік – шығыс бөлігінің астында, қабырға сыртынан аркілі есігі бар жер асты мола анықталған. Жер асты мола жоспары шаршы пішінді, көлемі 3х3 м, төрт қырлы жабыны аласа келген. Моладағы сүйектер зерттелмеген.
2005-2006 жылдары «Мәдени мұра »мемелекеттік бағдарламасы аясында кесенеге «Казреставрация» Жамбыл облыстық филиалы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кесене қайта жаңыртылды.
2017 жылы жергілікті бюджеттен қаржы қаралып Шоқай датқа кесенесіне мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ақпараттық тақтайшалар орнатылды.
2017 жылы «Рухани жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында кесенеге қайта әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына Жамбыл облыстық Тараз қайта жаңғырту филиалының «Мастер-Шебер» жұмысшылары қызмет көрсетті.
Кесене Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді.
Ал, 2018 жылы туризм саласын дамытуда «Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы »КММ-нің қолдауымен кеснеге QR- код(цифрлы код) орнатылды.
Ағымдағы жылы « Шоқай датқа» кесенесінің айналасына 15 млн, 581 мың теңге қаржы қаралып қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмысты жүргізген ТОО «Компания Галияш» ЖЖК-сы.