Сарысудың жастары жырлайды

Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, «Тарих толқынында» атты тақырып бойынша, Сарысу және Ақтоғай орта мектебі оқушылары арасында «Сарысу ауданының кешегі және бүгінгі келбеті» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Мерекелік шарада «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры М.Бегеев, Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы К.Ермағамбетова және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі инспекторы Б.Керімбай Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойымен ауыл тұрғындарын құттықтап, сөз сөйледі.

Мүшәйрада мектеп оқушылары жыр маржанын ағытты. Олар өз қаламдарынан туған «Отан», «Туған жер», «Ауылым-алтын бесігім» тақырыптарында жыр толғады.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры М.Бегеев Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Жаңаарық ауылдық округінде «Тарих толқынында» атты іс-шараға ұйымшылдықпен қатысқандары үшін Сарысу және Ақтоғай орта мектебі оқушыларын Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.

Жарыс қорытындысы бойынша Ақтоғай орта мектебінің 8-сынып оқушысы Мадина Төлеутаева 1-орынды, Сарысу орта мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Көшенова мен Ақтоғай орта мектебінің 4-сынып оқушысы Сымбат Мадияр 2-орынды, Ақтоғай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Салтанат Айтбекова 3-орынды иеленді.