Қоғамдық кеңес іс үстінде

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы 2 қарашада «Қоғамдық кеңес туралы» Заңға қол қойғаны баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда бұл заң елімізде іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Қоғамдық кеңестің қоғам мен өмірдегі алатын орны және ауданымызда қандай дәрежеде іске асып отырғандығы жөнінде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Марқаш Мойынбайұлы Мизенбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

-Марқаш Мойынбайұлы, ең алдымен Қоғамдық кеңестердің мақсаты мен міндеттері жөнінде айтып берсеңіз.

– Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады. Қоғамдық кеңестердің міндеттері: азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру; орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту; қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

-Қоғамдық кеңестердің өкілеттіліктері туралы да білгіміз келеді.

– Қоғамдық кеңестердің өкілеттіліктеріне мыналар жатады: басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлеріндегі қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау; бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын талқылау; атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау; бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау; азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу; қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау; Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу; қоғамдық бақылауды осы Заңда көзделген өзге де нысандарда жүзеге асыру; Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін мемлекеттік органға енгізу; қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

– Бүгінгі таңда ауданымызда құрылған Қоғамдық кеңестің жұмысы қандай дәрежеде жүруде?

-Қабылданған Заң талабына сай ауданымызда қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңестің төралқа мүшелері сайланды. Атап айтқанда, «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында өткен жылдың 22 ақпанында құрамында 21 мүшесі, 4 сапалық комиссиясы бар аудандық кеңесі құрылды. Бүгінгі күнде қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс үстінде. Аудандық Қоғамдық кеңесінің қызметін тиімді үйлестіру үшін әр бағытта құрылған комиссия өздерінің ішкі біріккен комиссия мүшелерімен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Билік жүйесінің халықпен арадағы қызметін қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл ұйым бұрын ешжерде жұмыс атқармағандықтан Заң аясында жұмыс жоспарын жасап, күнделікті өмірден туындаған мәселелерге байланысты отырыстар өткізіп, тиісті орындарға ұсыныстар беруде. Кеңес отырысы туралы қабылданған шешімдер жергілікті «Сарысу» газетінде жарияланып келеді.

Қоғамдық кеңес өткен жылғы алғашқы отырысын аудан әкімінің жылдық қорытынды есебін тыңдаудан бастады. Аудан әкімінің атқаратын жұмыстарына 11 түрлі ұсыныс жасалды. Алдағы уақытта орындалуы туралы тиісті комиссиялар арқылы қадағаланып отырды. Қоғамдық кеңес ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Саудакент ауылындағы «Шабақты» өзенінен заңсыз құмшағал алу әрекетін тоқтатты. Сөйтіп, аудан аумағындағы күнделікті өмір талаптарынан туындаған өткір мәселелер де кеңес отырысының күн тәртібіне қойылып келеді. Аудан көлеміндегі су жүйелерінің аудан көлеміндегі орталықтандырылған коммуналдық меншікке өткізілу мәселесі су пайдаланушылардың қатысуымен талқылаудан өткізілді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге, түрлі туындаған мәселелерге қатысты түсініктер, ұсыныстар беріліп келеді. Бұған жоғарғы жер басқармасы қатыстырылды.

Қоғамдық кеңеске жекелеген азаматтардан түскен өтініштер бойынша әр бағыттағы жұмыстар зерделеніп, қоғамдық талқылау барысында анықталған себептер мен кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар тиесілі құзырлы органдарға жолданып отырды.  Осындай игілікті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.