Аудандық қоғамдық кеңесте

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Балабек Нарбаев қоғамдық кеңестің отырысында «Ауданның 2016 жылы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы» есебін берді.

Басқосуды аудандық коғамдық кеңестің төрағасы Марқаш Мизенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Аудан әкімі бұл уақытқа дейін барлық ауылдық округтерде, сондай-ақ, аудан орталығында қорытынды есебін берген болатын. Бұл жолы да ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталған аудан басшысы алдағы міндеттерді де саралады.

Жыл қорытындысы көрсеткендей, экономикалық өсім негізінен өндіріс, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес, тұрғын үй құрылысы және тағы басқа бірқатар салалар бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламалар іс жүзінде жүзеге асырылуда.

Жыл қорытындысы таразыға түскен жиында кеңес мүшелері аудан әкімі есебінде келтірілген кейбір мәселелерге орай ұсыныстарын ортаға салып, тілектерін жолдады.

Ең алдымен, аудан әкімі аудан тұрғындарынан келіп түскен ұсыныс-пікірлерге жеке-жеке тоқталып, жауаптар беріп өтті.

Қоғамдық кеңестің мүшелері есепке қатысты өздерінің оң пікірлерін білдірді. Пікір білдірушілердің бірі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов ауданымызда көптеген тірліктер атқарылып жатқандығын, пәтер кезегінде тұрған адамдарға зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Еңбек ардагері Жамбыл Шадиев саяжайлардағы ауыз су мәселесін алға тартты. 

Кеңес отырысында аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғыс Абдрахманов жолаушыларды тұрақты тасымалдау үшін қоғамдық көлік мәселесін қозғаса, еңбек ардагері, Саудакент ауылының тұрғыны Сейітқадыр Абдықалықов ауылдық округтерде тұратын тұрғындарға үй беру жайлы ұсынысын жеткізді.

Аудан басшысы қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған барлық сұрақтарға нақты және тұшымды жауаптар қайтарды.

Есеп соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, мемлекеттік қызметтегі іс, қимылына сәттілік тіледі.