Сарысу ауданы: індеттің алдын алу – міндет

Маусым 27, 2020
Сарысу ауданы: індеттің алдын алу – міндет
 
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты тұрғындар арасында алаңдаушылық байқалып отырғаны анық.
«Коронавирус COVID-19» деп аталатын пневмония індеті әлі де болса өршіп тұр. Бүгінде бұл індет әлем бойынша көптеген адам тіркелген, күн сайын оның саны үсті-үстіне өсіп отыр.
Күллі әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында Сарысу ауданында бірқатар алдын алу іс-шаралары қабылданды.
Елімізде коронавирусты жұқтырған адамдар санының күн санап көбейіп келе жатқандығына байланысты Сарысуда осы қауіпті індетке қарсы жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Осындай түсіндіру, нақтылау жұмысы бейсенбі күні Сарысу ауданы әкімі аппаратының басшысы Жұмат Сақыпбековтың мекеме-кәсіпорындарды аралуымен жалғасты.
Аппарат басшысы білім, спорт, әлеуметтік, кәсіпкерлік басқа да нысандарды, мекеме-кәсіпорындарды өзі аралап, бетпердесіз, сақтық шараларын ұстанбағандарға ауызша ескертулер айтты.
Ж.Сақыпбеков: -Бір өкініштісі, кейбір азаматтар төтенше жағдайдың маңыздылығын түсінбей, мамандар берген нұсқаулықтарға әлі де құлақ аспай жүр. Алайда, төрткүл дүниеге қауіп төндірген жұқпалы дертке немқұрайдылық танытып, отбасымыздың, ағайын-туыстың, бала-шағаның өміріне қауіп төндірмеуіміз керек.
Сабырлық танытып, шыдамдылық көрсетсек, індет жойылады. Бірақ, індет деп жүріп әрбір азамат өзінің міндетін ұмытпаса екен дейміз.
Бетпердені тек тағу міндет болған соң ғана тақпаңыздар, өз өмірлеріңіз бен жақындарыңыздың өмірлерін сақтау үшін қауіпсіздікті қалыптастыру керек,-екендігін баса айтты.
Расында аралау барысында бетпердесіз басқа да сақтық шараларын ұстанбағандар кездесті. Суретке түсіріп жатқан бізге де дүрсе қоя бергендер де кездесті.
(біржолға аты жөндерін жазбадық. Келесі де аты жөндері және суреттері мен қоса берілетіндігін ескертеміз.)
«Осыған дейін ауырған жоқпын, мына ауруға да бой бере қоймаспын» деп жайбарақаттыққа салынбай өзімізді де, жақын-жұрағаттарымызды да індеттен сақтайық десек, жаңағыдай карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керектігін қайталап жатудың қажеттігі бар ма?
Бар ғой деп ойлаймыз. Өйткені, қатерлі індетті жұрт болып жұмылғанда ғана жеңуге болады.
 
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.