Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық мешіт имамдарының «Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдеріне» қатысты Үндеуі

Сәуір 13, 2019

Қазіргі кезде жаназа дастарханы, садақа дастархандары ас та төк болып жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл ысырапшылдық болып табылады. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 31 – аятында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап жасамаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – деген. Олай болатын болса Алла Тағала сүймейтін амалды жасап қалайша өткендерге дұға тілей аламыз. Сонымен қатар, Азалы үйге бара қалсақ мал іздеп, болмаса базарда жеміс – жидек, азық – түлік сатып алып сабылып жүргендерді көріп қаламыз. Бұл әрине дұрыс емес. Сол үшін садақа дастарханының мәзірін белгілеп алсақ. Бәріміз бір кісідей болып осы ысырапшылдықты тоқтатуға күш салсақ демекшімін.

Дастархан мәзірі: бауырсақ, жеті шелпек, тандыр нан, тәтті нан, жент немесе талқан, қант, кәмпит. Ыстық тамаққа асылған ет немесе палау (екеуінің бірі). Осы мәзірді жалпыға ортақ қылып бекітсек. Бұл мәзір 40 күндік асында, жылдық асында да осылай болуы тиіс.

  1. Аудан тұрғындары мен асхана және мейрамхана басшыларын осы жиында қабылданған құдайы ас мәзірін сақтауға шақырамыз;
  2. Қаралы үйде, жиын астарда көңіл айту үрдісін сақтап, жұбату сөздерімен ғана шектеледі;
  3. Мәйіт үйде бірнеше күн сақталмай, шариғат заңымен ертерек жерленсін. Таңертең қайтыс болса марқұмның денесі келесі күні таңертеңнен кешіктірілмей, ал түс қайта дүние салған болса, марқұм келесі күні түстен кейін жаназасы оқылып, жерленуі тиіс;

4.Жаназа шығарылған күні «Жетісін» беру және қабір басында ата-атаға таратылатын  «Жыртыс» беру, төбе, жүзге, атаға ақша, шапан беру тоқтатылсын (марқұмның жасы тоқсаннан асқан болса рұқсат етіледі);

  1. «Бейсенбілік» жасау рәсімінде әр бейсенбі күні мал сойып, бүкіл ауылды жинап ас беру шариғатымызда парыз етілмеген, тек өз отбасымен жиналып құран бағыштаса болады.
  2. Қала, аудан және ауылдық зираттарда мұсылмандық қабір әдептері мен тыйымдары жазылған тақтайшалар орнатылуы тиіс;
  3. Шариғат талабына сай қайғы жамылып отырған отбасыға қамқорлық, қолдау мақсатында көршілері, туысқандары ас-ауқат пен жаназа шығындарын өз мойнына алса құба-құп;

8.Мәйіт шыққан үйден қырқына дейін ірі қара (жылқы, сиыр) шалу тоқтатылады;

  1. Мәйіт жерленбей тұрып, ас беру тоқтатылады.

Жоғарыда айтылған ескертпелерді аудан халқы есте сақтап, орындаулары қажет. Бұған барлық ауылдық округ басшылары мен ауыл ақсақалдары, имамдар бақылау жасауы тиіс