Тұғыры биік-Тәуелсіздік Ескерткіш ашылды

Міне, көзді ашып жұмғанша  тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап жатырмыз. Тәуелсіздікке жету  оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалғаны.

Өткенді ұмыту ұлылық емес. Өткеннен сабақ алып, еліміздің еңселі егемендігін ардақтау-естелік. Ертеңіміз үшін маңызды мәселе десек, бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан істер халқын қуантуда.

Өткен аптада Тәуелсіздікті құрметтеп, 25 жылдығымызға арналып Жаңатас қаласының орталығынан ескерткіш ашылды.

Ұрпақтар аллеясында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Балабек

Нарбаев құттықтау сөз сөйлеп,  егемендігіміздің еңселі жылдарында жеткен жетістіктерімізді саралап, болашақ ұрпақтың баянды болуы үшін Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының маңыздылығын айрықша атап өтті. Бұл ескерткіштің кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігіне де тоқталды. Болашақта ауданның көркеюі  үшін ауқымды істердің атқарылатынында жеткізді.

Ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды.

Содан соң елімізге танымал айтыскер ақын Алик Бекмұсаев жыр арнап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Осы ескерткіштің ашылуына тікелей атсалысқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Бақыткерейұлы сөз сөйлеп, айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар тұрғындарға ескерткіштің жасалу мақсатына тоқталып, халықтың қуанышымен бөлісті.  

Жиналған жұртқа ерекше көңіл-күй сыйлаған салтанатты жиын соңы ескерткішке гүл қою рәсіміне ұласты.