Тәуелсіздікті ту еткен шаралар

Білім беру – әдістемелік орталығы «New Opportunities» ЖШС-нің ұйымдастыруымен жалпы орта, қосымша және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізілген «Болашаққа Президентімізбен бірге» байқауында «Менің Президентім» номинациясы бойынша Абылай хан атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жансая Жақыптың шәкірті 8 «б» сынып оқушысы Айгүл Раймбекова, Айнұр Базарбаеваның шәкірті Перуза Совет екінші, Гауһар Мейрамбекқызының шәкірті Ұлданай Жандәулетова үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

***

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай №5 Жаңатас колледжінде Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Ардақ Бақытбекқызының ұйымдастыруымен «Бірлік-біздің қасиетті туымыз» атты ұлттар фестивалі өткізілді.  Білімгерлері біздің елімізде тұрып жатқан басқа да ұлттардың озық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік үлгі-өнегесін айрықша көрсете білді.

***

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты  Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында  көптеген іс-шаралар өтуде. Атап айтар болсақ «Жасай бер жаса, тәуелсіз, мәңгілік ел» апталық, «Тәуелсіз елім тірегім, туған тілім жүрегім» тақырыбында дөңгелек үстел, «Менің ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тартуым» атты үздік өлеңдер байқауы, «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты сурет байқауы, «Елімнің бақытын тербеткен, тәуелсіздікке біздің тартуымыз» тақырыбында оқушылардың шығармашылығымен көрме ұйымдастырылды.Сонымен қатар «Тәуелсіздігім-тұғырым, егеменді елдігім» атты кітап көрмесі, «Сені мәңгі жырлаймын – Тәуелсіздік!» мүшәйра, «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыптарында ауызша журнал, «Ең үздік оқырман», «Жаса, жайна-Тәуелсіздік!» атты әдеби кеш іс-шаралары жоспар бойынша өткізілуде.

***

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аудандық спорт кешенінде «Ұлт бірлігі-тұрақтылық кепілі» атты ұранмен аула ойындарынан жарыс болып өтті.

Өткізілген іс-шараға командалық сапта М.Әуезов және Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиялары, Абылай хан, Абай, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерінен 35 оқушы асық атудан, доппен атыспақтан, ләңгі тебуден сайысқа түсті. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің тиісті дәрежедегі дипломдарымен марапатталды.

***

Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында Саудакент балалар кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым-желтоқсан» атты әдеби кеш болып өтті.Кітапхана қызметкері Қ.Байлиева Желтоқсан шежіресіне кеңінен тоқталып өтсе, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің кітапханашысы Алашбаева Ләззаттың ұйымдастыруымен 8 «а» сынып оқырмандары желтоқсан оқиғасы туралы  көріністерден үзінді көрсетті. Кітапхананың белсенді әрі озат оқырмандары  Ұ.Байболова, Б. Дүйсенбекова желтоқсан туралы өлеңдерді жатқа айтты. «Тәуелсіздік ата-бабам аңсаған» атты кітап көрмесіне кітапхана меңгерушісі К.Тұрмаханова  шолу жасады.

***

№6 Өндіріс ауылдық кітапхана меңгерушісі Алия                                              Махашева және «Жастар ресурстық орталығының» нұсқаушысы Үсен  Жұматаевтың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл мерейтойына орай «Тәуелсіздік туы көтерілген күн» атты жастармен кездесу өткізілді. Кешті Игілік ауылдық округінің бас маманы Мейрамбек Дүрменаев ашты. Кітапхана меңгерушісі А. Махашева жиналған қауымға «Көкке өрле» әсем әнін тарту етті.Ауыл жастары Тәуелсіздікке арналған өлең-жырларын  ортаға салды. Атап айтқанда Қозыбаева Ақнұр, Мұстафаева Лаура, Жексенбекова Аяжан, Нұрлашова Қымбат Тәуелсіздікке арналған жыр-шумақтарын тебіренте жеткізді. Кітапхана қызметкері А. Дәрменова «Тәуелсіздік адамзаттың бақыты» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

***

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында үстіміздегі жылдың               7 желтоқсаны күні Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Жастар мәңгілік елді жырлайды» атты облыстық жабық жыр мүшәйрасының қорытындысы өтті. Әр ауданнан іріктеліп алынған шығармалар конкурсына ауданымыздың атынан Самат Тоқбанов үміткер ретінде таңдалды. Жарыс қорытындысы бойынша Саматтың «Тәу етер Тәуелсіздік» атты өлеңі жүлделі үшінші орыннан көрінді.

***

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің Орталық байыту фабрикасында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының жетекшісі М.Пірімбек, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы Б.Балгобай   жас кеншілермен кездесу өткізді.

Кездесу кешінде М.Пірімбек сөз сөйлеп, ақын Дулат Шалқарбаевтың жыр жинағын жиынға қатысқандарға сыйлады.

***

Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің  тәлімгері                    Досаев Беріктің ұйымдастыруымен  «Спорт-денсаулық кепілі» атты 7-8 сыныптар арасында мектепішілік спорттық жарыс өткізілді.Қызықты әрі тартысты өткен сайыстың нәтижесінде  8 «ә» сыныбы I -орынды,  8 «а» сыныбы II- орынды, 7«ә» сыныбы III –орынды иеленді. Ал 7«б» сынып оқушылары белсенділік танытқаны үшін ынталандыру грамотасымен  марапатталды.

***

Ұ. Сыздықбайұлы ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасында Тәуелсіз елімізге 25 жыл толуына байланысты «Тәуелсіз Қазақстан» атты тақырыпта ұйымдастырылған тәрбиешілер арасында өлең, жыр шумақты жатқа айтудан жарыс өтті.  Жарыста «Тәуелсіз еліме 25 жыл», «Желтоқсан алаңындағы жыр»,  «Тәуелсіздік толғауы», «Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен», «Қазағым менің» тақырыптарында ерекше көзге түскен тәрбиешілерді балабақша меңгерушісі  Д.Ильясова құттықтап, мақтау қағаздарымен марапаттады.Сонымен қатар «Тұғыры биік Қазақстан» тақырыбында, мектеппен байланыса отырып іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекеге орай «Ұлы тұлғаларға тағзым» атты ардагер тәрбиешілерге арналған кездесу кешін өткізді. Зейнетке шыққан Жамал, Жәмила, Сайлаукүл, Айткүл, Злиха, Шекер және  тәрбиеші апайлар бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламаларын тамашалады.«Желтоқсан ызғары» тақырыбында желтоқсан оқиғасының куәгерлері Такенова Гауһар мен Сайрамова Гауһар апайлармен жастардың кездесуі өтті.

***

Талантты жастарымыздың бірі Болат Жаннұр. Ол Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектебінің 4 – сыныбында оқиды. Сыныбының үздігі, өнерлі. Кішкентайынан қолына қалам алып, балдай тәтті жыр шумақтарын жазып, өлең әлеміне қадам басты.

Жуырда өзінің өлеңдерін «Өлең өлкесіне құлаш сермедім» тақырыбында кітап етіп жарыққа шығарды. Мектепте «Тәуелсіз менің өз елім, арналды саған өнерім де өлеңім!» тақырыбында шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Ол өзінің жыр шумақтарын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнады.

***

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Саудакент ауылдық саз мектебінде «Мақтанышым тәуелсіз Қазақстан» атты концерттік бағдарлама өтті. Іс-шарада Саудакент ауылдық округінің әкімі Ержан Көлбаев, ауыл ақсақалы Т.Ысқақов, мектеп директоры Мұрат Аубакиров сөз сөйлеп, мерекемен көпшілікті құттықтады. Сонымен қатар оқушылар Қошанова Парасат, Ізмұқан Дамир, Байісбекова Аяулым, ал ұстаздар Мұсабаева                Келбет, Қазыбаев Марат, Өмірбаева Гүлсара, Байысбекова Әсем  күмбірлете күй шертіп, көрермендерді бір қуантып тастады. Хор айтып, ән шырқап, мереке көрігін қыздырды.

***

Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай  Жаңатас қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы өтті. Акция барысында демеуші болған кәсіпкер Ғани Рыспанов өз үлесін қосып, 30000 теңге көлемінде Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының  1 оқушысына қыстық киімдерін алып беріп, көмек көрсетті.