Тәуелсіздікті ту еткен шара

4Ежелден-ақ бабаларымыз өнер-білімді өрістетіп, көшпелілер өмірінің құндылығын өскелең ұрпаққа, яғни бізге дейін жеткізіп келді. Соның арқасында салт-дәстүріміз ғасырлардан- ғасырларға жалғасты. Бүгінгі таңда салт-дәстүрлеріміз бен өнер, білімнің біз үшін орны ерекше.

Әсіресе, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында барлық сала бойынша жеткен жетістіктеріміз бен жеңістеріміз сараланып, жаңа технология мен заманауи тұрғыдағы ілім, білім дамып, көзқарасымыз кеңейе түскені ақиқат. Көз сүйсініп, көңіл тояттаған игілікті іс.

Ауданымызда да аталмыш мереке аясында кең көлемде шаралар ұйым-дастырылып, әрбір сала барынша өз үлестерін қосуда.

Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде егемендігіміздің 25 жылдығына орай аудан әкімнің орынбасары

Динара Асанованың тікелей бастамасымен «Аймақтар аламаны» атты бәсеке болып өтті. Бұл аламан аймақтардың мәдени жарысы болып табылады. «Сарысуым-өлкем, өнерімен көркем» атты тақырыпта өткізілген өнер додасына аты айтып тұрғандай-ақ, аудан жастары белсене қатысып, туған жеріміздің артықшылығы мен табиғатын насихаттады.

«Жастар ресурстық орталығы» кеңесші мамандары мен аймақ жастары өз өнерлерін ортаға салған сайысты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айғаным Сармолдаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мәдени және шығармашылық жетістіктерді дамытуға жол ашатын аламанда Меруерт Қадырбекова бастаған Жаңаарық ауылдық округінің командасы біркісідей қазақша салт-дәстүрді берік сақтағандықтарын көрсетті. Бұл топтың барлық қатысушылары түгелге дерлік қазақы киімдермен сахна төріне көтерілгенде көрермен қауымның да көңілдері көтеріліп сала берді. Өйткені қазақилық қашанда көзге әсем, әдемі көрінетіні баршамызға белгілі. Сахна ажарын ашып, сәнін келтірген жастар ауданның жетістіктерімен бірге, Жаңаарық пен Ақтоғай ауылдарынан шыққан түрлі саладағы атақты жерлестері жайлы айтып, жерінің құнарлығы мен бүгінгі жетістіктерін тақпақтата айтқанда ауданымыздың мақтанышы, белгілі айтыскер ақын Алик Бекмұсаев төрағалық еткен әділқазы алқалары еріксіз тәнті болды.

«Жаңаарық» командасының қыздары мен ұлдары алға сурылып, ә дегеннен көзге ерекшеленді. Ән салып, барлық ұлт өкілдерінің билерін қысқа уақыт ішінде көрсете біліп, сұрақ-жауапта сүрінбей көрермен ықыласына ие болған Жаңаарықтықтар осы аламанда көш бастады десек те артықтық етпес.5

Сондықтан аламанның алдыңғы бірінші орнын иеленген команда құрамына тоқталып өткеніміз жөн болар. Ауылдық округтің кеңесші маманы Меруерт Қадырбекова бастап, Гүлсезім Жандосова, Бекайдар Жандыбаев, Абылай Сартай, Макиш Нұртай, Бағдат Бейсеубева сынды жастар өнер көрсетуде алдарына жан салмаса, араларында Сарысу орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Қуаныш Қияшов сынды азамат өзінің Қажымұқан бабасындай алапат күш иесі екенін дәлелдеді.

Ол аудандық мәдениет үйінің алдында көлікті кендір жіп арқылы тісімен тартып, жүргізуі барша жиналғандарды таң қалдырды. Небәрі 28 жастағы және орташа салмақтағы жігіттің бұлай өнер көрсетуі онсызда оқ бойы озық командаға үлкен ұпай жинап берді. Осылайша жаңаарықтықтар жарады.

Иә, бұл аламанға қатысқан басқа да жастар осал болғаны жоқ. Жастардың бойларынан өскен елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті, өнерге деген қызығушылықтарын көрдік. Сұрақ-жауап бөлімінде аудан жайлы деректерге мүдірмей жауаптар беріп, өздерінің жан-жақты білімдерін де көрсете білді.

Ал, Бауыржан Балтабаев бастаған Жаңатас қаласы жастары да өздерінің заманауи тұрғыда жақсы дайындалғандықтарын дәлелдеді.

Сәлемдесу кезінде әлемнің әр түкпіріндегі достарымен байланысып, өзге ұлт өкілдеріне дейін Жаңатас жайлы жақсы пікірлер, ойлар айтқызып, сәлемдерін слайд арқылы жеткізген жаңатастықтардың ойлау қабілеттері мен жаңашылды ізденістеріне риза болдық.

Осы топтағы жас ақын Самат Тоқпановтың да табиғи дарыны мен таланты, әнінің әуезділігі көрермендерді риза етті.Екінші орынның сый-сияпатын алу сәтінде топ басшысы Бауыржан Балғабай осы топтағы жас отбасы Ілияс Сариев пен жұбайы Гауһар екеуіне сыйлықтарын тарту етті. Міне, бұл да қазақилығымызға тән жомарттықтың бір көрінісі іспеттес.

Үшінші орынды иеленген аудан орталығынан шалғайда орналасқан қамқалылықтарды Тоқтар Балтабаев бастап сахна төріне алып шықты.

Ықыластай бабасымен, айтыс, шаруа баласымен, астың дәмін келтіртер тұзды даласымен, өркешті түйелерімен мақтанған қамқалылық жастар аламанға ерекше екпінмен келіпті.

Тамаша табиғаттарын слайд арқылы жырға қосып таныстырып, бір сәтке бізді кең дала төсіне ойша саяхаттатып жібергендей болды.

Домбырада тамылжытып күй тартып, әсіресе ешқандай топта қайталанбаған заманауи үлгідегі мың бұрала билеген биіне көрермендер үздіксіз қол соғумен болды. Үшінші орынға ие болған қамқалылықтар қамықпай, жарыста ең бастысы жеңу емес, тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап, сәлде болса өз өнер, білімдерімізді паш ету деген ойларын білдірді.

Осындай талантты жастардан құралған игіліктік жастарды Үсен Жұматаев бастап, жаңаталаптықтар өнерді қоштап, ортаға шықты. Бұл екі топ ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сияпаттарға ие болды. Олардың ән және би, өнер номинациялары бойынша топ мүшелері таланттарын ортаға салса, бірі көңілді тапқырлар клубын ұйымдастырып күлкіге қарқ етті. Ал кейбір топтар күймен күмбірлетіп, ортекені билетсе, бірі отбасылық ән орындап, аламанның көркін ашуға тырысты.

Жалпы барлық топтар барынша дайындықпен келгендерін көрсетті. «Сарысуым өлкем-өнерімен көркем» атты жастар аламанының қорытындысын қазылар алқасының төрағасы Алик Бекмұсаев жариялап, жастардың артық кемшін тұстарына тоқталып өтті. Іздену мен талпынысты жастарға ерекше алғыс айтып, қазылар алқасының шешімін жеткізді.

Сен жанбасаң лапылдап,

Мен жанбасам лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ,-деп ақын жырлағандай бойлары толған күш-жігер, білім мен өнерге құштар жастар аламаны өз мәресіне жетті.