Таластықтар тартуы

Биыл берекелі де мерекелі жыл. Санаулы күндерден соң ел тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы мерекеленеді. Осы егеменді елдікті, берекелі бірлікті, мызғымас достықты, елге мұрат, ұрпаққа ұран болған ерлікті паш еткен айтулы мереке қарсаңында тәуелсіз Қазақстан аумағында сан алуан тақырыптағы іс-шаралар үрдісі үдей түсуде.

4Сондай көп көңілінен шыққан игі шара осы аптаның сейсенбісі күні болып өтті. Атап айтар болсақ, ауылдары аралас, қойлары қоралас, төскейде төлі, төсекте бастары қосылған, іргелес жатқан Талас ауданының «Тәуелсіздік-тұғырым, мәдениетім-мәртебем» атты мәдениет және өнер күндері Жаңатас қаласының орталығында ұйымдастырылды.

Мәдени шара аудан орталығы Жаңатас қаласындағы «Еңбек Ерлері» аллеясына гүл қоюдан басталды. Аудандық мәдениет үйінің фойэсінде таластық қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесі, колледж оқушыларының жасаған техникалық озық үлгілері қойылды. Сонымен қатар көрмеде «Таулары биік, даласы дархан, Таласым» атты үш бөлімнен тұратын үлкен стенд орын алды. Стендтің бірінші бөлімінде «Таласта туылып, Алашқа танылғандар» айдарында ауданда туылып, бұл күндері есімдері республика көлеміне танымал болған тұлғалар-мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, әнші-сазгерлердің суреттері, өмірбаяндары, ал үшінші бөлімінде Тәуелсіздік туралы суреттер қойылған. Көрмені тамашалаған Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев, аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Әсіресе, А.Д.Зориннің авторлығындағы «Боталаған аруана» мүсіні көпшіліктің назарын ерекше аударды. Аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапқан «Тәуелсіздік-тұғырым, мәдениетім-мәртебем» атты мерекелік концертке халық көп жиналды. Таластықтар қала тұрғындарына бар өнерлерін паш етті. Сахна шымылдығы ақын Ү.Битенованың «Тәуелсіздік тілегі» атты әдеби-сазды композициясымен ашылды.

Келесі кезекте аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз алып, былай деді:5

-Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді ағайын! Биылғы жыл егемен еліміз үшін ірі саяси маңызы бар оқиғаларға толы- ерекше жыл. Соның бірі де бірегейі-Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы. Қазақ ұғымында Тәуелсіздіктен артық құндылық, Тәуелсіздіктен артық қасиет жоқ.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде:«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол-Тәуелсіз Қазақстан!» деп атап көрсеткен. Жалпы, аудан аумағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында 200-ден аса іс-шара жоспарланып, бүгінгі таңда оның басым көпшілігі өткізілді. Оларға 8 мыңнан аса тұрғындар қамтылды. Бүгінде, 25 жылдық мерекесі шеңберінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жалғызілікті қарттарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барлығы 1 млн. теңгеге жуық қайырымдылық көмектер көрсетілді. Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы ішінде ауданымызда тек қана оң өзгерістер орын алуда.Бұл-Сарысу халқының мемлекет басшысының сара саясатының төңірегіне топтасуының арқасында ғана мүмкін болып отыр.Тәуелсіздік мерекесі-мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке.

Құрметті таластықтар!

Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз берік, бірлігіміз бекем болсын, ағайын!

Сонан соң сөз кезегін алған Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжан көпшілік қауымды 1 желтоқсан-Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. Қазақ өнер десе ішер асын жерге қойған, той-думанды сауықшыл халық. Абай атамыз айтқандай: «Құлақтан кіріп, бойды алған, әсем ән мен тәтті күйден» рухани ләззат алған. Сезімді серпілтіп, көңілді көлдеткен концерттік бағдарлама «Көңілашар» үштігінің «Таласым» әнімен басталды. Сонымен қатар фольклорлық ансамбльдің орындауындағы Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін күмбірлете орындады. Ал, Жақсылық Тілеубеков орындаған «Сүйінбайдың термесі», Дания Ондасынқызы мен Мейрімхан Жүсіпбаев екеуі қосыла шырқаған «Қазақ елі осындай», «Батырлар ұраны», Меруерт Әбдібек пен Қайрат Сапақовтың бірге салған «Астана», Сырғабек Айтбайтегінің орындауындағы «Жиырма бес», Қуат Рауанның тамылжыта шырқаған «Отан-ана», Еркем Шоқыбасова мен Баубек Айдарбековтың орындауындағы «Рухты қыз», Италия әндерін тыңдармандар ерекше ықыласпен қабыл алды. «Шашу» және «Гүлдер» бишілер тобының мың бұрала билеген «Махамбет», «Өзбек биі», «Қазақ биі», ал көп ұлтты достықты дәріптеген «Дружба» билері көрермендер көзайымына айналып, бір серпілтіп тастағандай болды. Сондай-ақ, «Талас таланттары» әзіл-сықақ театр өнерпаздарының сахналастырған Ш.Смаханұлының «Арандатқыштар» сықағы, домбырашылар квартетінің «Күй тартысы» көпшіліктің көңілінен шықты. Таластықтар асқан шеберлікпен өз өнерлерін көрсетті.