Салтанатты жиын

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев:  Бірлікті сақтау және нығайту  ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық,  деп айтқандай татулықпен бірлікті паш ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахна төріне көтерілді.

 

Ортаға «Атамекен» әнінің әуенімен  Мемлекеттік Туды әскери бөлімнің сарбаздары салтанатты жағдайда алып кірді. Сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орналастырылып, сарбаздардың «Құрметті қарауылы» қойылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шарықтады.

Мерекелік шарада аудан әкімі Балабек Нарбаев жиналғандарды құттықтап, Қазақстан бүгінде өз тарихының тағы бір белесіне сенімді түрде өткенін айтты. Құттықтаудан соң мерекелік марапаттаулар басталды. Бірнеше азаматтарға «Ауданның Құрметті азаматтары» төсбелгілері мен аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы , Алғыс хаттары табысталды.  Сахна төріне аудандық   мәслихаттың хатшысы С.Бегеев көтеріліп, аудан әкімі Балабек Нарбаевқа отандық заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді қызметі және Жамбыл облысының экономикалық-әлеуметтік өркендеуіне қосқан қомақты үлесі үшін ҚР Парламент Сенатының Құрмет грамотасын тапсырды.

Айтулы мерекемен құттықтау үшін сөз кезегі Қазақстан Респуб-ликасы денсаулық  сақтау және әлеуметтік даму министрлігі,  ішкі аудит департаментінің  директоры Әлімбекова Гүлнар Смаділқызына берілді.  Содан соң 1991 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген Тәуелсіздік құрдастарына сый-сияпаттар жасалды.

Сахнада ауданның Құрметті азаматтары мен Тәуелсіздік құрдастарының суреттері, өмірдеректерімен бірге көрсетіліп тұрды. Салтанатты жиын барысында көрсетілген «Мәңгілік елдің нұрлы жолы» атты театрландырылған көрініс жиылған жұртты тәнті етті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Аудандық мәдениет үйінің сахнасында әсем әндер шырқалып, мың бұралған билер биленді. Оркестрде күй күмбірлеп салтанатты жиын көрермен көңілінен шықты.