Он күндікте

Ауданда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шаралар әлі де жалғасуда. осындай шаралардың бірі Әйтеке би атындағы орта мектебінде тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты кеш өтті. Кеш еліміздің әнұранының шырқалуымен басталды. Кеште мектеп директоры Қ.Назарбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қазақ елінің қилы тағдырын, азаттыққа қалай қол жеткізгені жайлы тарих пәнінінің мұғалімі М.Аткоов баяндама жасады. Думанды кеш соңы мектеп түлектерінің және мұғалім А.Икежанованың ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға жалғасты.

***

Сондай-ақ, Қызыл диқан орта мектебінде «Кемеңгер келешекке-кемеңгер Елбасымен» атты республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына оқушыларды қабылдау салтанатты жиыны өтті. Аталмыш жиында 1-5 сынып оқушылары ант қабылдады. Сонымен қатар бастауыш сынып бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл» атты шара өтті. Шарада мектеп оқушылары жыр жолдарын оқып, патриоттық әндерден шашу шашып, мың бұрала би биледі.

***

Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің тәлімгері Гүлзира Өмірбаеваның ұйымдастыруымен «Ұлы елдің- ұландары» атты жиын өткізілді. Салтанатты жиынды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Сыздықова «Жас Ұлан» ұйымына қабылданғалы отырған оқушыларды құттықтап, мерекелік лебізін білдірді. Сөйтіп «Жас Ұлан» ұйымына 15 оқушы, «Жас Қыран» ұйымына 14 оқушы қабылданды. Жиын соңы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

***

Саудакент ауылдық аула клубының спорт үйірмесінің жетекшісі Арал Мұсаевтың ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 2004, 2005, 2006, 2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Байқадам, Б.Адамбаев, Шоқай датқа атындағы орта мектептерінің оқушыларынан құралған командалар тартысты да қызықты ойын өрнектерін көрсете білді. Нәтижесінде жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әсіресе Н.Маратов, А.Кемелбек, Ә.Нарбеков секілді тоғызқұмалақшылардың ойындарына көрермендер риза болысты.

***

Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өткізілді. Шарада ауыл әкімі О.Мұқашов сөз сөйлеп, ауылдың өркендеп өсуіне өз үлестерін қосқан бірнеше ауыл тұрғындарын Алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік шара соңында Сарысу орта мектебі мен «Қарлығаш» балабақшасы қызметкерлері концерттік бағдарлама көрсетіп, көрермен қауымның ықыласына бөленді.

***

№5 Жаңатас колледжінде Жайылма аулының өнерпаздары «Тарихы терең Тәуелсіздікке Тағзым» атты концерт өтті. Іс-шарада ауыл әкімі Ж.Смағұлов сөз сөйлеп, көрермендерді мерекелерімен құттықтады. Концерттік бағдарламаның соңында колледж ұстаздары мен білімгерлері өз ризашылықтарын білдірді.

***

Техникалық шығармашылық орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай үйірме оқушылары мен ұжым мүшелері желтоқсан оқиғасына қатысушы Бану Аманжоловамен кездесу кешін өткізді.

Үйірме оқушылары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мекеме ұжымы желтоқсан куәгеріне бағалы сыйлық тапсырды. Сонымен қатар «Тәуелсіз менің Қазақстаным» тақырыбында суреттер көрмесі ұйымдастырылуда. Онда оқушылар өздерінің тәуелсіздікке деген сезімдерін суреттер арқылы әдемі жеткізе білді.

***

 

Сонымен қатар мерекеге ауданымыздың спортшылары да өз үлестерін қосуда. Жуырда ғана Жаңатас қалалық спорт кешенінде грек-рим күресінен 2004-2006 жылдары туылған жасөспірімдер арасында аудандық жарыс болып өтті. Бұл сынға Жайылма, Тоғызкент, Жаңаарық ауылдық округтерінен және Жаңатас қаласынан жүзге жуық жас палуандар қатысып, бақтарын сынады.

Жеңімпаз балуандар арнайы дипломдармен марапатталды.  

***

Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында грек-рим күресінен 2000-2002 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қырғыз еліне еңбегі сіңген жаттықтырушы М.Ахметовті еске алуға арналған халықаралық турнир болып өтті.

Бұл сынға Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларус, Қазақстан және Қырғыстан елдерінен 728 жас спортшы бақтарын сынады. Біздің Жаңатас қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен 4 спортшы қатысып, 33 келі салмақ дәрежесінде Дамир Ахмедияев пен 42 салмақ дәрежесінде Алишер Бейсенбай жүлделі 3-ші орынды қанжығаларына байлап қайтты.  

***

Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде дзюдо күресінен 2003-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті. Турнирді Жайылма ауылдық округінің әкімі

Ж.Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп ашып берді.

Жарысқа Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, көршілес Созақ аудандарынан әртүрлі салмақ дәрежесінде 70 спортшы қатысып, бақтарын сынады. Жарыс соңында қатысушыларға аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдары мен дипломдары табыс етілді.

***

Жуырда аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы» атты тақырыптағы көшпелі жиындар Жайылма және Жаңаарық ауылдық округтерінде болып өтті.

Жиынға арнайы құрылған мобилдік топ мүшелері қатасты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Әйтеке би, Донда Сенбин, Қызыл диқан, Сарысу, Ақтоғай орта мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Жастар ресурстық орталығы» заңгер маманы Н.Киікбаев және аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Т.Төлежанов пен жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі аға инспекторы А.Жарасбеков хабарламалар жасады.