Кеншілер марапатталған күн

Осы аптаның дүйсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!» атты мерекелік іс-шараға кен байлықтарымен ел ырысын еселеген кеншілер қауымы қатысқан салтанатты жиын болып өтті.

Мерекенің салтанатты ашылуында  облыстық мәслихат депутаты, «Қаратау»тау-кен өңдеу кешенінің  директоры Мұратқали Сәрсенов, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен келген басқарма төрағасының орынбасары Нүрзия Лесбекова, теміржол көлік кешенінің филиал директоры Мұрат Оңласынов құттықтау сөз сөйледі. Олар еңбегі ерен кеншілердің тұтас Қазақстан экономикасына қосып отырған үлестерінің қомақты екенін тілге тиек етіп, қауіпсіз еңбек өнімділігіне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар салтанатты шарада «Құрметті кенші» төсбелгісімен Мұратқали Сәрсенов, Байжанбек Мұқанов, Балғабек Тұрсынбек марапатталды. Сондай-ақ, «Құметті энергетик», «Үздік кенші», «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері», «Кенші даңқы» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медалі және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық мәслихат, облыстық «Нұр Отан» партиясының, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  грамоталарымен бірқатар азаматтар марапатталды.

Салтанатты шарада аудан әкімі

Балабек Нарбаев сахна төріне көтеріліп:

-Кенші мамандығы мықты, табанды да өзіне сенімді адамдардың кәсібі. Осы саланың жетістіктері сіздердің абзал да абыройлы еңбектеріңіздің нәтижесі. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қазіргі уақыттың желісімен алға қарыштап дамып, өндіріс қуатын арттыруда. Сіздерді тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын,-деді. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің  директоры М.Сәрсеновке сый-сияпат тарту етті.

Мерекелік салтанат  аталмыш кешеннің демеушілігімен келген қазақ эстрадасының  жарық жұлдызы, көпшіліктің сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың концертіне ұласты.

 Көрермен қауым әншінің әндерін ыстық ықыласпен қабылдап, қосыла ән шырқап, мәз-мейрам болысты.

Алыстан ат терлетіп келген әнші ұлдарына аудан басшысы Балабек

Нарбаев, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов алғысын білдіріп, күй атасы Ықыластың қобызын сыйға тартты. Өз кезегінде Қайрат Нұртас ағаларының ыстық ілтипаттарына ризашылық сезімін білдірді.