ЕЛДІГІМНІҢ-РЕҢІ, ТЕҢДІГІМНІҢ-ТІРЕГІ. Майдангерлерді құттықтады

Тәуелсіздік-терең  ұғым. Тәуелсіздік-елдіктің, еркіндіктің, берекелі бірліктің,  елге-мұра, ұрпаққа-ұран ерліктің белгісі. Халқымыздың баға жетпес байлығы  мен  бағы, баянды бақыты, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы тілеген тілеуі, орындалған асыл арманы мен бойтұмардай аманаты. Бүгінгі бейбіт күніміздің нұры, елдігіміздің жыры болған тәуелсіздігіміздің алтын тұғырына  мәңгілікке тұғырлануы Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдаспан ақылы, данышпан даналығы, сергек сезімі,  теңіздей терең ойлылығының арқасы екені баршамызға аян.

Тәуелсіздікке тәу етіп, көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатқан жылдарда аға ұрпақ өкілдеріне құрмет ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың тектілігін айшықтай түсті. Күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысының отты жылдарында бес қаруын асынып, толарсақтан қан кешкен майдангерлердің өшпес ерліктері ел есінде.

Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберлі Әбілов, қала әкімі Сәкен Мамытовпен бірге, ел басына күн туған сұрапыл жылдарда кеудесін оққа тосып, Ұлы жеңіс күнін  жақындатқан, бүгінде абыз ата жасына жеткен соғыстың соңғы сарбаздарының шаңырақтарында болды. Ізгілікті де ізетті іске мұрындық болған аудан басшысы ең алдымен Жаңатас қаласындағы соғыстың соңғы сарбаздарының бірі Кемелбек Шәменов, Михаил Авдеев  отбастарына арнайы атбасын тіреді. Қарт майдангерлерге ыстық ықыласпен сәлем беріп, жүрекжарды лебізін арнады.

-Сіздердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктеріңіз ел есінде. Ешқашан ұмытылмайды. Туған жер, өскен ел үшін майдан даласында бүгінгі бейбіт күн үшін жанқиярлықпен күрестіңіздер. Жеңіс туын тіктіңіздер. Біздер, бүгінгі жас ұрпақ сіздерді мақтаныш етеміз. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын,- деді.

Бұдан соң аудан басшысы Саудакент ауылындағы соғыс және еңбек ардагерлері Мысалы Маханбетов, Қабыл Ібіжанов шаңырақтарында да болды. Хал-жағдайларын білді. Мерекелерімен құттықтады. Жылы жүзді кездесу, ыстық ықыласты мамыражай әңгімелер барысында соғыс сарбаздары елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.Сөйтіп аудан басшысы ел мақтанышы болған қарт майдангерлердің сый-сияпаттарын беріп, шексіз алғысын, ақ баталарын алып қайтты.