Балуандар белдесті

Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақ күресінен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Ақпан Игенбаевты еске алуға арналған II-облыстық   турнир өтті.

3Жарысты аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Исабаев сөз сөйлеп, ашып берді.   Турнирге Тараз қазақ күрес клубы, Тараз 7-ші күрес мектебі, Талас, Байзақ, Меркі, Жамбыл,Сарысу және көршілес Созақ аудандарынан 190 спортшы қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінің балуандары бозкілемнің шаңын қағып, көрермен көзайымы болды. Атап айтар болсақ, әр салмақ дәрежесінде Б.Адамбаев 1-орыннан көрінсе, Н.Аралбаев 2-орынды иеленді. Ал, Е.Ордабай пен Ә.Айтқұлов 3-орынды қанағат тұтты. Жарыс жеңімпаздарына A.Игенбаевтар әулетінің бағалы сыйлықтары және аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медаль, дипломдарымен марапатталды.