25 жыл кәсіпкерлік саласында

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсында халыққа еңбек етіп келе жатқан, осы жылдар ішінде отбасына өнеге, кейінгіге үлгі азаматтарымыз жайлы жазуды жөн санадық. Міне, сондай азаматшаларымыздың бірі саудакенттік жеке кәсіпкер Зәуре Сламқұлова.

Ол тәуелсіздігіміздің мерекесіне орай нан бағасын арзандатып, басқа да қайырымдылық істерімен халыққа қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар аудандық «Сарысу» газетіне де мүмкіндігі шектеулі 10 жанұяға тегін жаздырып беріп, төл басылымға деген жанашырлығын танытты.

5Отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны бәрімізге мәлім. Себебі, отбасы әр адам үшін махаббат пен қолдаудың сарқылмас бұлағы болып табылады. Мықты әрі берік отбасы кез келген қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына кепілдік береді. Отбасы жұбайлардың, ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігі нәтижесінде дамып, нығая түседі. Осындай мықты, берік отбасын сақтап отырған саудакенттік жеке кәсіпкер Зәуре Мейрамқұлқызы Сламқұлова.

Ұйым ауылында туылған Зәуре Сламқұлова жоғарғы оқу орнын бітірген соң, «Ұйым» мектебінде ұстаздық етіп, кітапханашы қызметтерін атқарған.

Тәуелсіздік алған жылдардан бас-тап жолдасы Нұржан Қанатбеков екеуі кәсіпкерлікпен айналысуды жөн санап, өзара келісімге келеді.

Саудакент ауылынан «Арзан» дүкенін ашып, халыққа қызмет ете бастайды. Аты айтып тұрғандай аса қымбат емес, елдің қалтасы көтерердей тауарларды әкеліп, ауылдықтардың көңілінен шыққан кәсіпкерлердің жұмысы алға жылжи бас-тайды.

Табыс табу, отбасын экономикалық-материалдық жағынан қамтамасыз ету ерлі- зайыптылардың ортақ парызы, отбасының беріктігі де осыған байланыс-ты. Бұрынғы кезде әйел үйде үй шаруасымен айналысса, ал ері шаруашылық жұмысын жүргізіп, отбасының жағдайын жасады. Қазір әйелдер ерлерімен бірдей жұмыс жасайды. Сондықтан, шаруашылық- тұрмыстық қызметті бірігіп жүргізуі өмір талабына айналған.

Солай десек те, әйел адамның өз жолы бар. Өнегелі ұлттық құндылық берік сақталған отбасындағы татулықтың, ынтымақтың, ырыстың түп қазығы әйел ана. Міне, мұны айтып жатқан себебіміз 2 ұл 1 қызды дүниеге әкелген Зәуре жолдасы екеуі бақытты қызықты да қиын күндерді бірге көрді.

Шындығында көргенді қыз бен ұлықты ұлдың дұрыс тәрбиесінің негізі әке- шеше берген тәлімде. Тіршіліктің мәнін еңбектен іздеп, бақыты мен баянын тапқан ардақты ананың жолдасы бақилыққа аттанған соң да перзенттері үшін аянбай тер төккенін ауылының тұрғындары жақсы біледі.

Екі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана. Жеті немеренің сүйікті әжесі атанып отыр. Перзенттерін қатарларынан кем қылмай жоғарғы оқу орындарын аяқтатты. Асқан табандылықпен еткен еңбегі жемісін беріп, бұл күнде қос ұлы да халыққа қызмет ететін айтулы орындардан көрініп жүр. Бірі халықтың қалаулы азаматы. Елбасының Жолдауларын оқып, қашанда игі іс жасауға ұмтылатын асыл ананың қайырымдылық жасауға деген құлшынысы да жоғары. Жыл сайын әр мектептер мен, ауылдық аймақтардағы көмекті қажет ететін отбасыларына қаржылай және киім кешек, азық-түлік беру арқылы демеушілік танытып келе жатқанын ауылдастары жақсы біледі. Тек өзі ғана емес балаларына да игі іс жасауды басты назарда ұстайтынын айта отыратын Зәуре бүгінде кәсіпкерлігі арқылы бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.

Халыққа қызмет еткені үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған.