Оқушылар тарихи жерлерге саяхат жасады

­­Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын  қолға алуды ұсынды. Бұл мақала ұлттың рухани байлығын арттырып, сананы сілкінтетін дүние екенін түсінеміз. Мемлекет басшысы адам бойындағы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, қала мен өңіріне, яғни туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтты. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Өткен аптаның сенбісі күні аудан әкімінің бастамасымен және аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан аумағында  орналасқан  тарихи-мәдени ескерткіштерді  толығырақ біліп, оқушыларға толық қанды мағлұмат беру мақсатында «Туған өлкем-қандай көркем» атты тақырыпта ауданымыздағы білім ошақтарынан 200-ден астам оқушылар тарихи-өлкетану жерлерге саяхат жасап қайтты.

Саяхатшы оқушылар ұлан-ғайыр даладан елдік пен ерліктің туын көтерген би-шешендер, абыз, батырлар шыққан киелі жерлерді аралады. Солардың бірі  Ысты-Тілік баба мемориалдық кешенінде болды.  Одан кейін,  19-ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға,  қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне  араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер Шоқай датқа мен қазақтың  атақты күйші, қобызшы,  қыл қобыздың атасы Ықылас Дүкенұлы кесенелерінде болды. Содан соң Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болып, Сарысу жерінен табылған  орта ғасырлық  тарихи  көне жәдігерлермен және ауданымызда қызыл кітапқа енген аң, құстардың,  аудан үшін  аянбай тер төгіп еңбек еткен  қайраткерлердің  өмірбаяны және қолданған бұйымдарымен танысты.

VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығына айналған орта ғасырлық Саудакент қалашығымен оқушылар танысып,  орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде 11 мұнаралы дуалмен қоршалған ескі қаланың орнын аршып алғанын, қала орнынан табылған құмыралар, қыштан жасалған түрлі ыдыс-аяқтар оның VI-XV ғасырларға жататындығынан мағлұматтар алды.

Одан кейін, көршілес Созақ ауданы, Құмкент ауылының маңында орналасқан  қазақ ауыз әдебиетінде, Алпамыс, Қобыланды, Шора батыр жырларында  жиі айтылатын Баба түкті шашты Әзіз кесенесінде болды.

Әйтеке би атындағы орта мектептің оқушысы Назым Кенжеғалиқызы өзінің қуанышын былай жеткізді.

-Мен қазақ елінің патриотымын. Туған жерімді аралап, көп мағлұмат білдім. Әсіресе, маған Т.Мақашев атындағы мұражай ұнады. Қазақи қаймағы бұзылмаған ауданымызға еңбегі сіңген, әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмірдеректерімен  танысып, көптеген мағлұматтарға  қанық болдым. Сарысу  өңірі-тарихқа бай өлке екеніне көзім жетті.Мен өз елімді мақтан тұтамын. Оқушыларды тарихи жерлерге саяхатқа апаруға қолдау көрсеткен аудан басшыларына және аудандық білім бөлімі мен ұстаздарға алғысымды білдіремін,-деді.