Онкүндікте

Жаңғырудың жарқын жолындағы-Сарысу

Дегерес қалалық кітапханасы мен Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда «Туған жер» кіші бағдарламасының «Рухани қазына» жобасы аясында Сарысу ауданына – 90 жыл толуына арналған «Жаңғырудың жарқын жолындағы-Сарысу» атты әдеби әуен кеші өтті.

Кешке еңбек ардагері А.Қасымбеков,  Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі, ақын-жазушы Б.Нұрмаханұлы және «Туған жерге-туыңды тік» жобасы аясында арнайы шақырылған, осы мектеп түлегі, танымал әнші М.Ынтықбаев қатысты.

Әнші Мақсат Ынтықбаев М.Мақатаевтың «Саған келдім қымбаттым» атты туған жерге арналған әнін орындаса, Т.Рахымның «Сарысуым- саялы мекенім» атты өлеңін Қ.Тұрсынбекова орындады. Ал, Л.Төлегенова Б.Нұрмаханұлының «Сарысуым – алтын бесігім» атты өлеңдерін нақышына келтіріп, жатқа оқыды.Өз кезегінде мектеп оқушылары А.Қаюп Құрманғазының күйі «Кісен ашқан», Ш.Құсайынова, Л.Нұрлыбек «Жаса қазақ» әнін орындап, кітапхана оқырмандары әннен шашу шашты. Мектептің оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Сағындықов кешті қорытындылады. «Шежірелі Сарысу» атты кітап көрмесіне Дегерес қалалық кітапханасының кітапханашысы Р.Оспанова библиографиялық шолу жасады.

Ән-көңілдің ажары

Өткен аптада Жаңатас көпсалалы колледжінде жастар ісі жөніндегі инспектор Назира Шалғынбаеваның ұйымдастыруымен Астана қаласының құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты онкүндікке орай, 02-17 тобының ұйытқы болып отырған «Ән-көңілдің ажары»  атты патриоттық ән байқауының тәрбиелік те, тәлімдік те мәні зор болды.Байқауда колледжден өнерді серік еткен 12 үміткер Астана және атамекен, туған жер жайлы әндерді орындаудан бақтарын сынады. Сонымен қатар, Қазақстанның бас қаласы Астананың бүгінгі әсем көрінісін түрлі-түсті бояу арқылы қағазға түсірді. Кеште жүзден жүйрік атанған білімгер Амансейт Шолпан бас жүлдені жеңіп алды.

Іс-шара соңында барлық үміткерлер бірлесе  отырып, Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен»  әнін көрермен назарына ұсынды.

Достық-ортақ үйіміз

«Балбөбек» балабақшасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Сарысу ауданының құрылғанына 90 жылдығы мерекесі қарсаңында «Достық-ортақ үйіміз» тақырыбында іс-шара болып өтті.

Іс-шараға Игілік ауылдық округінің әкімі А.Бердібаев, бас маман М.Жұматаев және ата-аналар қатысты. Балабақша меңгерушісі Г.Сертекеева көпұлтты Қазақстан мемлекеті туралы мағлұматтар беріп өтті. «Құлыншақ» тобының тәрбиеленушілері Отан туралы жыр-шумақтарымен, өз өнерлерімен бөлісті. Тәрбиешілер А.Балашова, А.Шыныбекова, Н.Атенова, Л.Ерубаева, Қ.Ахабаева, Н.Егембердиева сомдаған бес ұлттың келінінің образы көрермендерді бір серпілтіп тастады. Балабақшаның шығармашылық жұмысын басқаратын Қ.Ахабаева тәрбиеленушілермен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының символы қыран құстың бейнесін жасады. Тәрбиеленушілер өз қолдарымен жасаған сый-сияпаттарын қонақтарға, ата-аналарына тарту етті.

Балалар болашағы үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Цифрлы Қазақстан, компьютерлік сауаттылық бағыттары бойынша «Балбөбек» балабақшасында онлайн режимінде облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен біріге отырып «М.Монтессори технологиясын мектепке дейінгі ұйымдар тәжірибесіне енгізу жолдары» тақырыбында облыстық вебинар болып өтті. Бұл вебинарға «Балапан» екінші кіші тобының тәрбиешісі Нұрила Егембердиева қатысты. Өз іс-тәжірибесінде балалардың ойлау, сөйлеу, даму, сезіну қабілеттерін ашуда бұл технологияның маңызы өте зор деп атап көрсетті. Бұл технология баланың бойындағы қабілеттерді ашуға ықпал етеді. Қол саусақтарының мотрикасы дамиды. Монтессори ойыншықтары сыдырма, түймелер, баулар т.б. Осы материалдармен жұмыс жасаған бала өсе келе өз киімінің түймелерін қадауға, аяқ киім бауын байлауға, сырт киімінің сыдырмасын салуға дағдыланады.

Туған жерге тағзым-перзенттік парыз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Сарысу орта мектебінде мұғалімдер мен оқушылардың қатысуымен «Туған жерге тағзым-перзенттік парыз» акциясы өтті.

Іс-шара оқушылардың ұйымдастырған флеш-моб биімен ашылды.Сондай-ақ, оқушылар «Туған жерім-аялы алтын бесігім» тақырыбында эссе жазып, отанға деген сүйіспеншіліктерін жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш білім ордасының оқушылары патриоттық тақырыптардағы жыр жолдарын оқыды. Бейнелеу пәнінің мұғалімі Д.Мусаеваның ұйымдастыруымен «Туған жерім – тұғырым» тақырыбында сурет байқауы, 8- сынып жетекшісі А.Райсова «Туған жер-тал бесігім» атты кездесу кеші, тарих пәні мұғалімі З.Исмайлованың ұйымдастыруымен «Ауыл тарихы-ел тарихы» тақырыбында 8-11 сынып оқушылары арасында ғылыми жоба байқауы,10-сынып жетекшісі «Туған жер-бақыт ордасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара соңында жақсы атсалысқан оқушыларды мектеп директоры Л.Шукеева мақтау қағаздармен марапаттады.

Салауатты өмір салтын ұстан

Жаңатас көпсалалы колледжінің спорттық залында дене шынықтыру пәнінің оқытушылары Ғалымжан Мұқашев, Нұркелді Алашбаев, Айдар Байтилеуовтердің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында білімгерлер арасында топ аралық футзалдан жарыс өтті.

Жарысты колледж директоры Нұрландия Түйтебаева ашып, білімгерлерге салауатты өмір салтын ұстанып, әрдайым спорттық іс-шараларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуге сәттілік тіледі. Жарысқа жалпы 11 команда қатысып, өздерінің белсенділігін көрсетті. Жарыс нәтижесінде 02-15 тобы 1-орынды, 03-17 тобы 2-орынды, 03-16 тобы 3-орынды иеленді.Жарыс соңында жеңіске жеткен командалар Алғыс хатпен марапатталды.

Бабалар ұлағаты-ұрпақ аманаты

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетімізді сақтау, қадірлеу мақсатында Арыстанды   ауылдық  кітапханасында кітапханашы Назира Досболаеваның ұйымдастыруымен «Бабалар ұлағаты-ұрпақ аманаты» атты танымдылық кеш болып өтті.

Кешке Арыстанды орта  мектебінің  психологы  Қ.Айдаров, математика пәнінің  мұғалімі  Р.Мейірбекова, тарих пәнінің мұғалімі  Т.Ыдырысов, ата-аналар ұйымының төрағасы С.Маханбетов, әскери пәнінің мұғалімі Н.Айдаров қатысты.Іс-шарада оқушылар қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау барысында «Бесікке салу» және «Тұсаукесер» көріністерін көрсетті. Сәбиді бесікке салып, жөн-жоралғысы жасалған соң М.Мақатаевтың «Бесік басында» атты өлеңін Бадирова Зарина мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында еңбек ардагері Нуридин Айдаров ақ батасын берсе, «Қазақтың салт-дәстүрлері» атты кітап көрмесіне кітапханашы Назира Досболаева библиографиялық шолу жасады және көрмеге қойылған кітаптармен таныстырып өтті.