ҮНДЕУ!

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ПАРАСАТТЫЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ӘДЕПТІЛІК БЕЛГІСІ
Қоғам мен мемлекет мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоя отырып, оларға өзінің білімі мен тәжірибесін, барлық күш-жігерін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан халқына адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттік қызмет этикасы қызметшілердің кәсіптік қызметін орындауда олардың мінез-құлық нормаларына, әріптестерімен өзара қарым-қатынасы мен қызметтік және қызметтік емес қарым-қатынастардың қағидаттарына негізделген. Мемлекеттік қызметші болу, бұл – адамдармен тең қарым – қатынаста болу, кез келген жағдайдан жол таба білу, өз сезімін басқара білу. Мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алу бұл – халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтады, мемлекеттік қызметші имиджін қалыптастырады. Өз кезегінде халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшінің шыншыл болуы – оның маңызды моральдық қасиеті болып табылады. Сондай-ақ, тиімді қарым-қатынас орната білетін, тап-таза, сыпайы киінген қызметкер сенімге тез ие болады, яғни өзіңіздің қарапайым ұстанымыңызбен келушіні өзіне бейімдеу, ұстамдылық пен ашықтық сияқты адамға тән қасиеттерді меңгерудің маңызы зор.
Сөйлей білу, жақсы сөйлеуге үйрену. Ол үшін әдеби кітаптарды, өлеңдер мен көркемсөздерді оқу арқылы жадыңызда жақсы сөз тіркестерін үнемі жаңғыртып отыру қажет. Есіңізде неғұрлым көп мәтінді сақтаған сайын оларды қажет кезде қысқа да нұсқа, сауатты құрылған сөйлемдермен қолдана аласыз.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі қоғамда оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің парасаттылық мәдениетін қалыптастыру – бұл әдептілік белгісі деп санаймын.
Осыған орай барлық мемлекеттік қызметшілерді күнделікті өмірде саналы түрде мейлінше адал, қарапайым, кішіпейіл, шыншыл бола тұра өз қызметімізде әдепті мінез-құлық қағидаттарын сақтауға шақырамын.

Сарысу ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы, әдеп уәкілі Н.Төлеубекқызы