Әдеп кодексі кеңінен талқыланды

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) Қазақстан Рес-публикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген. «Әдеп кодексі» сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәдениетін қалыптастыруға, адамгершілік, моральға жат қылықтарға қарсы иммунитетті күшейтуге негізделген.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды арттыру мақсатында Қазақстан Рес-публикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми кеңесімен ұсынылған «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» Нұсқаулығымен танысу және оны талдау бойынша аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында семинар-кеңес болып өтті.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары мен моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын  жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейтін бұл жиында аудан әкімі аппараты персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Нейла Төлеубекқызы төрағалық етті. Семинар-кеңеске аудан әкімі аппаратының, ауылдық округ әкімі аппаратының және әкімдік бөлімдерінде жұмыс жасайтын қызметкерлер қатысты.

Жиын барысында Нейла Төлеубекқызы мінез-құлық стандарттарындағы әкімшілік ресурстарды заңсыз пайдалану, азаматтарға әдепсіз мінез-құлық таныту, жұмыстан тыс уақыттағы және қызметтік қарым-қатынастағы мінез-құлықтар, мүдделер қайшылығы, жариясөз сөйлеу, БАҚ-пен қарым-қатынас, әлеуметтік  желілерді пайдалану, іскерлік этикетті және ресми мінез-құлық қағидаларын бұзу туралы және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша басшы әдебі, тембилдинг, адам құқықтарын құрметтеу және сыпайылық, заңға деген құрмет, қызмет көрсетуде кемелділікке талпыну, міндеттерді парасатты орындау, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, мемлекеттік қызметшілерді қорғау сынды нормалар туралы егжей-тегжейлі мысал келтіре отырып, слайд  арқылы көрсетіп, түсіндіріп өтті.

Қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. ол бойынша  төрағалық етуші Нейла Төлеубекқызы заңда көрсетілген мәліметтерге сүйене отырып жауаптар қайтарды. Семинардың соңында мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінің ережелерін мүлтіксіз сақтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барлық күш-жігерін қолданып, азаматтармен және әріптестерімен сөйлескенде әдептілік және биязылық танытып, адал, әділ болуы және көпшілік мақұлдаған адамгершілік, әдептілік ережелерін сақтауы керектігі баса айтылды.