Маңызды қадам

Сәуір 15, 2019

Бүгінде, біздің еліміз тәуелсіздік пен теңдік, береке мен бірлік тұнған құтты мекенге айналды. Бұл қай халық үшін де аса қымбат құндылық.

Себебі, біздер ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа ғана қол жеткізіп қоймай, арман-мұраты ізгілікпен өрілген байтақ елге айналдық. Ел бірлігін ілгерілететін Ассамблеяны құрдық, астанамызды Алматыдан Сарыарқа төріне көшірдік. ТМД елдерінің ішінде алғаш рет халықаралық ОБСЕ ұйымына төрағалық етіп, Астанамызда «ЕХРО-2017» мамандандырылған көрмесін сәтті өткіздік.

Бір сөзбен айтқанда, егемендік алғалы өсу мен өркендеудің белестерін бағындырған елімізде талай тірліктер атқарылды, тарихи жеңістерге қол жетті. Мұның барлығында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолтаңбасы жатыр.

Осынау тірліктерді атқарып, елдігіміздің жолында қызмет істеген  Елбасымыз үстіміздегі жылдың наурызынан бастап өзінің Президенттік  өкілеттігін тоқтатты. Билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Елбасына қазақ елінің алғысы ретінде еліміздің бас қаласына «Нұр-Сұлтан» атауы берілді.

Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы мәлімдеме жасады. Бұл өте маңызды әрі қажетті қадам.

Ата Заңымызға сәйкес, екі айдан соң өтетін кезектен тыс сайлауда жаңа көшбасшымызды сайлайтын боламыз.

Ел тыныштығы мен бірлігін ойлар болсақ, бұл саяси науқанда ауызбіршілігімізді танытып, бүкіл ел болып қолдау көрсетуіміз қажет.

Біз, Сарысу ауданының ардагерлері де ел Президентінің кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдаймыз және алдымызда тұрған саяси науқанға атсалысуға шақырамыз.