Кешендегі келісті кездесу

Маусым 7, 2019

«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің мұражайында аудан әкімі Қ.Мәдібек, «Еврохим-Қаратау» директоры В.Бугаев және «Қаратау» ТКӨК директоры М.Сәрсенов кездесу өткізді. Аймақ басшысы мен екі бірдей іргелі кәсіпорын жетекшілерінің жылы жүзді жүздесуі берекелі бірлік пен жарасымды тірліктің үлгісін көрсеткендей болды. Сонымен қатар, меймандар мұражайдағы жәдігерлерге зер салып, қарт Қаратаудың тағылымды тарихы туралы сөз қозғады.

Ұлы Отан соғысының бастапқы ауыр кезеңдерінде, 1941 жылдың қарашасында БКП(б) мен Кеңес Одағының ХКК Шолақтау қойнауындағы алғаш барлап-зерттелген фосфорит кеніші шикізат базасының негізінде «Қаратау» тау-химиялық комбинатын салу туралы» қаулы қабылдады. Сөйтіп еліміздің табиғат байлықтарын игеру, бұрынғы Одақ үшін мәні жағынан екінші фосфорит шикізаттары базасын құру жұмыстары басталып кетті.

1946 жылдың қарашасында комбинаттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Ал 1946 жылдың 5 желтоқсанында Шолақтау кенішінен қазып алынған алғашқы кен жиынтығы жөнелтілді. Осы кезден бас-тап тау-химиялық комбинаты қарқынды дамып, фосфорит кенін қазып алып, дайындау жұмыстарын ұдайы үдетумен болды. Сөйтіп, оның шикізат өндірудегі бүкілодақтық мәні барған сайын арта түсті.

Қаратау фосфорит алабының игерілуімен бірге жаңа қала-Жаңатас пайда болды. Кеншілер шаһары аз жылда аяғына нық тұрып, алып құрылыс алаңына айналды.

Биыл Жаңатас қаласына-50 жыл. Осы уақыт аралығында қала қалыптасу, өркендеу, құлдырау дәуірлерін бастан өткерді. Тоқсаныншы жылдарда терең тоқырауға тап болған шаһар Елбасы қамқорлығы мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында еңсесін қайта тіктеді. 1997 жылдан Сарысу ауданының орталығы болып бекіген Жаңатас жыл өткен сайын жаңара түсуде. Өңірдегі іргелі өндіріс ошағы- «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысы алға басқан сайын әлеуметтің де әлеуеті арта түсуде. Сонымен қатар, ресейлік «Еврохим» компаниясының инвестиция құюы да Сарысудың дамуына тың серпіліс сыйлады. Бір сөзбен айтқанда ауданның болашағы зор. Қарт Қаратаудың қойнауындағы қазына ұзақ жылдар бойы елдің игілігіне айнала бермек.