«Еститін Мемлекет»

Қараша 25, 2019

«Еститін Мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету қадамдарының бірі ретінде аудан әкімдігінде ағымдағы жылы 21 қарашада бірыңғай азаматтарды қабылдау күні өткізілді. Осы жалпы республикалық Бірыңғай қабылдау күні шарасының ұйымдастырылуына байланысты аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді.

Таңертең сағат 10.00-де басталған қабылдау кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасты. Республикалық өткізілген қабылдауға келген тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тілек-өтініштерін жеткізді. Тұрғындардың көбі баспана мәселесі, жұмыспен қамтамасыз ету, пәтер кезегіне тұру және денсаулық-тарына байланысты көмек сұрап келді. Аудан басшысы барлық тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, алдағы уақытта тиісті шешімін табатындығын жеткізді.

Осындай қабылдаулар Жаңатас қаласы мен барлық ауылдық округтерде өткізіліп,  қала және ауыл әкімдері тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады және мәселелерінің шешілуін бақылауға алатын болды.

***

Осындай қабылдау Жаңатас қаласы әкімі аппаратында да болып өтті.Жаңатас қаласының әкімі Д.Борсықов қала тұрғындарының  өтініш–пікірлерін тыңдады. Қабылдау барысында қала тұрғындары тұрғылықты тұратын үй керек екенін жеткізсе, енді бірі отын түсіріп беруге көмектесулерін сұрады.  Қала әкімі Д.Борсықов  тұрғын үй кезегі бойынша  пәтер алатындарын  айтып, қазіргі таңда  тізім бойынша отын сұрап келген тұрғындардың үйлеріне апарып беретінін жеткізді.

Осындай жиын Түркістан ауылдық округінде болды. Қабылдауда ауылдықтар қоғамдық жұмыс және қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша несие алу жолдарын сұрады. Айтылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Сондай-ақ Жаңаарық ауылдық округі әкімі О.Мұқашов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауда ауыл тұрғындары  атаулы әлеуметтік көмек алу, баласын балабақшаға қабылдау, жер сұрау, кәсіпкерліктің жалпы мәселелері, тұрғын үйді жекешелендіру, зейнетақы қорларына аударымдар жасау туралы мәселелерді көтерді.  Ауылдық округ әкімі көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіріп өтті.Ал, Байқадам ауылдық округ әкімі А.Назарбековтің қабылдауына келген округ тұрғындары қазіргі қыс мезгілінде қараңғы ерте түсіп, оқушылар мектептен   кеш қайтатындығын, көшеде қаңғып жүретін иттердің қауіпті екендігін және осыған байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау үшін рейдтер ұйымдастырылса деген ой-пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек жайлы сұрақтарын қойды.

Ауыл әкімі ауылдық округ бойынша  рейдтер ұйымдастырылатынын айтты. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша нақты түсінік берді.

Досбол ауылдық округі әкімі Н.Молдабеков «Еститін Мемлекет» тұжырымдамасы аясындаазаматтарды қабылдады. Қабылдауға 6 азамат келіп,  ауылға газ әкелу, таза ауызсу,  көше жарығы мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек,  жер,  кәсіпкерлік мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Оған округ әкімі алдағы уақытта көтерілген мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатынын айтты.

Сонымен қатар Қамқалы ауылдық округінде де ауыл әкімі А.Исабаев жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Жалпы тұрғындармен кездесу аудан көлемінде тұрақты түрде жүруде. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Қамқалы ауылдық округіндегі қабылдауда жол, ұялы байланыс, медицина саласына қатысты маман қажеттігі, жаңа форматтағы әлеуметтік көмек туралы сұрақтар қойылды.

Ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдаған ауыл әкімі көтерілген мәселелердің оң шешімін табатындығын жеткізді.

Камели Сүлейменова,

Сәулет Есқараев