Жаһан жұртшылығы көз тіккен көрме

 

Өткен аптаның тоғызыншы маусымы күні әлем назарын Астанаға аударған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаһан жұртшылығын бас қалаға қарап елеңдеткен айтулы оқиға Қазақ елінің халықаралық аренадағы абыройын асқақтата түсті деуге толық негіз бар.

Еліміздің еңсесі биік екенін, ұлтымыздың ұлылығын, мемлекеттілігіміздің мығымдығын, қазақ халқының жасампаз қасиеттерін жаһан жұртшылығына паш еткен тарихи сәтке куә болу үшін көптеген мемлекеттердің президенттері мен үкімет басшылары келді. Мәртебелі меймандардың қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Премьер-министрі Мухамад Наваз Шариф бар. Сонымен қатар, Испания Королі Филипп VI, Сербия Президенті Александр Вучич, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттель болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі меймандарды қалыптасқан халықаралық рәсімдерге сай, қазақ халқының қонақжай пейілін көрсетіп қарсы алды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады. Елбасы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өтті.

– Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 елдің қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілейтін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астана нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады, – деді Елбасы.

Көрмеге дүние жүзінің 100-ден астам мемлекеті мен 20-дан астам халықаралық ұйым қатысып жатқаны белгілі. Қазақстан Президенті өз сөзінде олардың халықаралық көрмеге атсалысқандары үшін алғыс айтты.

– Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елдерге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме – бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі. Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүниежүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткергеніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды атап өтті. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.

– Заманымыздың озық ойлы адамдарының қатысуы жоспарланған іс-шаралар адамзат дамуының жаңа бағыттарын айшықтайды. Миллиондаған қазақстандық пен дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін 100 мыңдаған қонақ әлемдік ғылыми және инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістіктерімен танысатын болады. ЭКСПО бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдіргендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әлемнің экологиялық тұрғыдан теңдессіз және орнықты дамуының маңыздылығына тоқталып, ЭКСПО-2017 тақырыбының біздің еліміз үшін өзекті екеніне ерекше назар аударды.

– ЭКСПО – ғылыми жаңалық қана емес, барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Осыдан 166 жыл бұрын өткен тұңғыш көрмеден бері бұл шара ұдайы жаңа идеялар бесігі болып келе жатыр. Атап айтқанда, алғашқы телефон, ат-көлік, компьютер, Жер серігі мен атом-электр стансасы секілді жаңалықтардың барлығының тұсауы осындай ЭКСПО-ларда кесілген болатын. Сол игі үрдісті жалғастырған Астана әлемдік инновациялар орталығының бірі ретінде танылады деп сенемін, – деді Президент. Қазақстан көмірсутегі сынды энергия көздерінің мол қорына иелік ететіндігіне қарамастан, алдағы уақытта жаңғырмалы, қоршаған ортаға зиянсыз энергия тұтынуға белсенді түрде көшпек. Елбасы өз сөзінде бұған да тоқталды.

– Қазақстан орасан зор көмірсутегі қорының бар екеніне қарамастан, жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде көшетін болады. Осындай мақсат біздің «Стратегия-2050» бағдарламамызда және «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамамызда көрініс тапты. Қазақстан 2050 жылға қарай жаңартылатын көздердің есебінен электр энергетикасының жалпы көлемінің жартысын өндіре алатын болады. Сонымен бірге, экономикада энергияның жұмсалуы да азаяды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында энергияның жұмсалуы екі есеге қысқарған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті тағы 30%-ға қысқарту жоспарланған.

Әлемнің көптеген мемлекеттері мен корпорациялары да алдарына осындай міндет қойып отыр. Мұның барлығын бүгін ашылған көрмедегі бай мазмұнды экспозициялардан көруге болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің нысандары мен халықаралық павильондардың қалай пайдаланылатыны жөнінде айтып берді.

– Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – Жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде біздің Ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. ЭКСПО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шет ел инвесторларының кеңесі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шара өткізу жоспарланғанын айтты. Мемлекет басшысы көрменің халықаралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтты.

– Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау үдерісіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсеткендері және көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін алғыс айтты.

– Біздің мәртебелі қонақтарымызға – Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға уақыт тауып келген мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше ризашылық білдіремін. Қадірлі қауым! Осымен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін ашық деп жариялаймын! Әлем жұртшылығы мен барлық отандастарымды көрмені тамашалауға шақырамын! Ұлы Далаға қош келдіңіздер! – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы. Осылайша, Н.Назарбаев қазақ жұрты бірнеше жылдан бері күткен, әлем жұртшылығы назарын тіккен айтулы шараның ресми түрде ашылғанын жаһан жұртшылығына хабарлады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен де сөз сөйледі. Қазақстан астанасына қонақ болу, Қазақстанға табан тіреу өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтқан ол елордадағы беделді шараның мән-маңызына тоқталды. Стин Кристенсен Халықаралық көрмелер бюросының 175 мемлекеті атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық ұйымдастырушыларын осы айтулы оқиғамен құттықтап, алғысын білдірді.

– Құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев, Халықаралық көрмелер бюросының 175 мемлекеті атынан Сізді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! Бұдан бөлек, көрменің барлық ұйымдастырушылары мен қатысушыларына және Үкіметке атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіремін! Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында дүниежүзілік қоғам назарын өзіне аударды. Көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы үнемі өзекті болған және болып қалады да. Бүгінгі таңда «жасыл энергия» мәселесі дамыған елдерді ғана емес, сонымен қатар, дамушы мемлекеттерді де қызықтырады. 115 елдің арасынан әлемдік ауқымдағы 22 компания дәл осы көрмеге тартылды, – деді ол. Халықаралық көрмелер бюросының басшысы айтып өткендей, бұл оқиға әлемдегі көптен күткен және ең көп келуші қатысатын оқиға болып табылады.

– Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Барлық павильондар «жасыл энергетиканың» дамуына үлкен үлес қоспақ. Себебі, болашақта біз энергияны қаншалықты қолданатынымыз барша үшін қызықты. Энергия – өмірлік күш. Бүгінгі ЭКСПО көрмесіндегі кездесуіміз болашақта маңызды мәселелерді шешуге деген ынта-ықыласымызды арттырып отыр. Энергия тұрақты әрі баршамызға қолжетімді болуы керек. Таза энергиясыз планетаның болашағын елестету мүмкін емес. Энергия – бар өркениеттің өмірлік күші. Бүгінгі шара – үш айға созылатын мерекенің бастамасы. Үш ай бойы жасыл энергетика – болашақтың энергиясы бойынша әртүрлі пікірталастар өткіземіз. Осындай әлем үшін маңызды әрі Қазақстан үшін маңызды оқиғаның басталуымен баршаңызды құттықтаймын! – деді С.Кристенсен. Көрменің салтанатты ашылуы әсерлі театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылым сценарийінде энергияның пайда болуы, жел, күн және су энергиясының қуаты көрсетілді. Әуеде қалықтаған алып шар арқылы ұйымдастырушылар дүние жүзі қол жеткізген жаңалықтарды көрсетуге ұмтылды. Адамзат баласының атам заманнан бергі аралықта энергия алудың құпиясына үңілген талпынысын балет бишілері би қимылдары арқылы бейнеледі. Ампер, Ньютон, Гальвани, Тесла сынды адамзаттың дамуына үлес қосқан ғалымдардың еңбегі көрсетілді. Актерлер қазақ даласының жел энергетикасының қайнар көзі екенін бейнеледі. Халықаралық байқаулардың лауреаты, танымал опера әншісі Мария Мудряк қазақтың халық әні «Япурайды» орындады. Қазақстан Қарулы Күштерінің офицерлері еліміздің Мемлекеттік туын сахнаға алып шығу рәсімі де өте әсерлі көріністердің бірі болды. Көк ту тутұғырдың басына көтерілгеннен кейін Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны шырқалды. Әлем көз тіккен айтулы шарада Әнұранды шырқау бақыты халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана-Опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожинге бұйырды.

Одан кейінгі кезекте амфитеатр сахнасына Халықаралық көрмелер бюросының ресми туы салтанатты жағдайда жеткізіліп, тұғырға көтерілді. Ақ түсті, ортасында Жер шары көк түспен бейнеленген ту Қазақстан астанасында көрмеге қатысып жатқан 100-ден астам елдің туымен бірге 93 күн желбіреп тұратын болады.

Қойылым соңы жас жеткіншектердің балғын үнімен қорытындыланды. Олар әлемнің түрлі тілінде жасыл энергия туралы өз ойларын айтты. Бұл Қазақстанның көп ұлтты ел екенін және болашақтың ұрпақтар қолында екенін білдірсе керек. Балалар салған суреттер арқылы келешектегі футуристикалық Астана бейнеленді. ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатындағы барлық шара ел халқының назарына телеарналардан тікелей эфир арқылы ұсынылғанын айта кетейік. Бұдан бөлек, «Astana EXPO-2017» ресми сайты мен «Youtube» ғаламтор арнасынан да тікелей эфир ұйымдастырылды. Көрме кешенінің аумағында орналасқан Медиа-орталықтағы журналистерге арналған үлкен бір зал лық толып тұрды. Әлемнің түкпір-түкпірінен және еліміздің өңірлерінен келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көптігіне байланысты аккредиттеу мен қатысушыларға қызмет көрсету орталықтарының залдарын босатып беруге тура келіпті.

«Бізде масс-медиаға арналған 500 орын бар еді. Алайда, келген журналистердің саны мыңнан асып кетті. Қазір мұнда шамамен 1200 журналист отыр. Оның 400-і өзіміздің БАҚ өкілдері болса, қалған 800-і – шетелдік журналистер», дейді

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов. Елбасы халықаралық көрмені ресми ашық деп жариялағаннан кейін Астананың аспаны таңғажайып түспен мың құбылған әсем отшашуға бөленді. Шамамен 15 минутқа созылған отшашу қала тұрғындары мен көрмеге келген меймандарды таңғалдырғаны, тамсандырғаны анық. Көрме қалашығына жиналған қауым бұрын-соңды осындай отшашуды көрмегендерін айтты. Отшашудан соң халық көрме алаңының кіндігінде орналасқан алып сферадағы проекциялық лазерлік шоуды тамашалады. Салтанатты шараның одан кейінгі кезегі концерттік бағдарламаға ұласты. Еліміздің бетке ұстар әншілері, бишілері, өнер ұжымдары қатысқан концертте дәстүрлі музыкалық мұраларымыз бен шетелдік классикалық туындылар жұртшылық назарына ұсынылды. Сонымен, шымылдығы түрілген халықаралық көрме аясында 90 күн ішінде 3 мыңнан астам шара өтеді. Елорда мен еліміздің басқа қалаларындағы шараларды айтпағанда, тек қана көрме аумағындағы павильондардың әрқайсысының ашылу рәсімінде бұрын-соңды болмаған эксклюзивті шоулар өтетін болады.