Сарысу ауданының әкімі Б.Нарбаевтың Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі

 

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірменді көпшілік!

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.

Бұл күн – біздің өз тағдырымызды өзіміз айқындауымызға алғашқы нақты қадам жасаған мемлекеттің мерейлі күні.

Ұлт көшбасшысы сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздігімізді баянды, егемендігімізді еңселі ете білді.

Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі мен көреген саясатының арқасында ғасырда жасалар істер қысқа мерзімде жүзеге асты.

Басқарудың президенттік формасы мен тәуелсіздіктің жиырма алты жылдық тәжірибесі біздің ел үшін тиімді болып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен аз ғана уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етіп отыр.

Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы – мемлекеттік идеологияны айқындайтын басты құжатымызға айналып, жаңа міндеттер  алдымызға қойылды.

Бүгінде, Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктері бірінші кезекте – Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты.

Аз ғана уақыттың ішінде сәні мен салтанаты жарасқан Астана бой көтерді. Бүгінде бұл шаһарымыз әлемдік маңызы бар келіссөздер жүргізетін алаңға айналды.

Үстіміздегі жыл ішінде елордамызда ТМД елдірінің ішінде алғашқы болып «ЭКСПО» халықаралық көрмесін абыроймен өткізе білдік. Ал, келер жылы Елбасымыздың төл туындысы Астананың – 20 жылдығын мерекелейтін боламыз.

Қазіргі таңда барша әлем Қазақстанды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана, әрі дара саясаты арқылы таниды десек артық айтқандық емес.

Сарысу ауданы да Қазақстанның барлық аймақтарымен бірге егемен еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Аудан экономикасымен қатар халық саны да артуда. Бүгінгі таңда, Жанатас қаласы мен ауылдық округтерге қарасты 26 елді мекенде 43 мың 896  адам тұрады.

Көптеген игі істер жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз күн санап жақсарып келеді.

Бұл істердің барлығы – ел бірлігінің, ағайын татулығының арқасында ғана мүмкін болып отыр.