Сарысу ауданының әкімі Б.Нарбаевтың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!

Қадірменді қауым!

Ардақты ағайын!

Бүгін бізге еліміздің ең ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жинында бас қосу сәті түсіп отыр.

Азаттықтың анасы – бостандық болса, Тәуелсіздіктің анасы – еркіндік. Сондықтан-да, жер шарын мекендеген барлық халық – азаттықты арман етеді, еркіндікті мақсат тұтады.

«Ерге де, елге де тән бір ұлы сезім бар. Ол – арман. Адамның арманы – риясыз өмір болса, халықтың арманы – тәуелсіз ғұмыр» – деген ертеден келе жатқан абыз ой бар.

Расында да – Тәуелсіздік пен теңдік. Азаттық пен елдік. Береке мен бірлік. Бұл қай халық үшін де аса қымбат ұғымдар.

Ал Қазақстан үшін соңғы ширек ғасырда жеңісін де, жемісін де көрсете білген құрыштай құндылық. Орындалған Ұлы арман!

Бұл құдіретті сөздің астарында ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, абыздарымыздың айбынды үні, азаттық жолында шейіт болған талай буын боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр.

Біздің ел ғасырлар бойы аңсап, азаттығына қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген байтақ ел, дария көңіл дана халық. Ал, бар қазақтың сайын даладан ғұмыр бойы іздегені – бірлік, тілегені – тұтастық еді!

Осы жерде, Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» – деген сөзі еске түседі.

Біз Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына қадам басқан тұста, Елбасыеың сыңдарлы саясатының арқасында демократиялық өзгерістерді талап еткен Конституциялық реформа жасадық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдадық.

Ұлт мүддесін қорғайтын тарихи құжаттар халық арасында қолдау тапты.

Бүгінде, халықты рухани тұрғыда жаңғыртып, болашаққа бағдар берген бағдарламалық мақала – мемлекеттік идеологияны айқындайтын басты құжатымызға айналды.

Қуана білгенге – құт қонады, бағалай білгенге – бақ қонады. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде, қыдыр дарып, бақ қонған, ырыс жайлаған елге айналды. Бұл киесі күшті Ел мен даналығы дара Елбасының, сол Елбасыға сенген халықтың ғана қолынан келді. Бұл – жасампаз тағдыр!

1991 жылы 16 желтоқсаннан егемен еліміздің жаңа тарихы басталған еді. Содан бері өсу мен өркендеудің белестерін бағындырған елімізде талай тірліктер атқарылды, тарихи жеңістерге қол жетті.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Тәуелсіздік аясындағы еліміздің жетістіктері мен табыстарында сарысулықтардың өзіндік үлесі, қолтаңбасы бар екенін мақтанышпен айтамыз.

Тәуелсіздік жылдары ауданда ұлан-ғайыр тірліктер атқарылды. Өндіріс, кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ауылшарушылығы тың серпінге ие болды. Жаңа мектептер мен балабақшалар, денсаулық және спорт нысандары ашылды. Тұрғын үйлер қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілуде. Халық саны тұрақтанды, әл-ауқаты жақсарды.

Қарт Қаратаудың қазыналы дүниесін бойына жинаған Жаңатас қаласы еліміздің шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енді.  Қаланың келбетін жақсарту, тұрғын үй қорын реттеу, инфрақұрылым мен коммуналдық саланы дамыту барысында игі шаралар атқарылды.

«Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өнім көлемін жылдан-жылға арттырып келеді. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өмірі мен тыныс-тіршілігіне зор үлес қосып отырған іргелі кәсіпорын. Соңғы жылдары, «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де аймақтың дамуына тың серпін беріп отыр.

Тәуелсіздік жылдары білім беру, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау сияқты салалардың барлығында да ауқымды жетістіктерге қол жеткіздік.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында да бірқатар жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Бұл жетістіктердің барлығы ел еркіндігінің, ұлт Тәуелсіздігінің арқасында ғана мүмкін болып отыр.

Құрметті сарысулықтар!

        Елдің күші  – бірлікте. Бұл сөз біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан – ұлттық арманымыздың ақиқат алғышарттары.

Баршамыздың міндетіміз ізгі қасиеттерімізді, құндылықтарымызды сақтап, Тәуелсіздік тұғырын нығайту. Мұны әсіресе ертеңгі ел тірегі – жастарымыз ұғынуы тиіс.

«Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді дана халқымыз. Аға буынның қаны мен терінің нәтижесінде келген жетістіктерді ұрпағымыз лайықты жалғастырады деп сенеміз.

Құрметті қауым!

Баршаңызды біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылатын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, игі істеріңізге сәттілік тілеймін!

Көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!