Аудан тарихы

Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған. Осы қаулыға сәйкес Сарысу ауданы Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округына қаратылған.

1928 жылғы Қазақстанда өткізілген ірі байларды тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы шексіз ауыр болды. Бұдан өзге 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, еркін шаруашылықпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратты. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6000-дай шаңырақ үдере көшіп, Қаратау бойына шұбырды. Голощекиннің солақай саясаты салдарынан бір ғана Сарысу ауданында сол алты мың шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына жетті.

Сол кездегі Қазақстан үкіметінің өкілдері, қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтардың алдынан шығып, халықтың аман қалған бөлігінің осы өңірге аман-есен жетуіне көп күш салды. Әсіресе Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі зор болды.

Есін жиып, етегін жапқан халық төрт түлік мал өсіруге ден қойды. Мысалы, 1934 жылғы шілде айындағы санақта ауданда ұсақ мал саны 7651 бас болса, 1935 жылы 18875-ке жеткен. Сол жылы Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болған.

Сарысу ауданының тарихы да Қазақстан тарихының кішігірім құрамдас бөлігі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміздің басынан кешкен тарихының жаңғырығы жаңа құрылған ауданды да айналып өткен жоқ. 1937-38 жылғы қан-қасапта да Сарысудың талай боздақтары репрессияға ұшырап, тас абақтыларда күн кешіп, қорғасын оқтың бейкүнә құрбаны болды.

Ұлы Отан соғысынан 2700-ден астам сарысулықтар туған топырағына қайта оралмады. Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов, секілді Кеңес Одағының Батырларының, даңқты мерген, батыр Ыбырайым Сүлейменовтің кіндік қаны сонау Сарысу жерінде тамғандығын ұрпақтары мақтан етеді.

1950 жылы Сарысу ауданында қой ешкі саны 18 000 басқа, мүйізді ірі қара 11 000-ға, жылқы 4000 мың басқа жетті. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның малшылары Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. 1954 жылы түгін тартсаң, майы шыққан Жон өңірінде «Түркістан» совхозы бой көтерді.

1957 жылы аудандағы колхоздар ірілендіріліп, совхоздар құрылды. Осы кезде ұсақ мал саны 280 мыңға жеткен болатын. 1962 жылы Сарысу ауданының Талас ауданына қосылуының тиімді болмағандығын өмірдің өзі көрсетіп берді. 1967 жылы Сарысу ауданы қайта құрылды. Бұрын Мойынқұм ауданына қарап келген «Сарысу», «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздары Сарысу ауданына қосылды. 1990 жылы ауданда қой – ешкі, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе саны артты.

Ауданның әлеуметтік – мәдени саласы жылдан жылға жақсарды. Мектептер, мәдени үйлер көбейді.

Қазақстанның егемендік алуымен, тәуелсіздікке қол жеткізумен бірге аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы аз болған жоқ.

1997 жылы Сарысу ауданымен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленді.

Бүгінде ауданымыздың экономикалық әлеуеті біршама өсті. Халқымыз тәуелсіздіктің шынайы нәтижесін айқын сезінуде. Соңғы жылдардың өзінде ауданда жаңадан осы заманғы үлгімен мектептер, ауруханалар салынды. Жаңатас қаласындағы сәулетті мәдениет үйі жеке қолдан мемлекеттік қолға қайтарылды. Саудакент, Тоғызкент, Жайылма ауылдарындағы мәдениет үйлері толықтай қалпына келтіріліп, ішкі жиһаздары мен музыкалық аспаптары, ұлттық киімдері жаңадан сатып алынды. Бұрын жұмысын тоқтатқан екі кәсіптік-техникалық училище кәсіптік лицей болып, Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылынан қайтадан ашылды. Жаңатас қаласынан өндіріс саласына қажетті мамандарды даярлайтын Жаңатас көпсалалы колледж ашылды. Жаңатас қаласында 12 пәтерлі және 60 пәтерлі тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп пайдалануға берілді.

Қаланың жылу және су жүйелері қайта қалпына келтірілді. Елді мекендердегі ауыз су жүйлері кезең-кезеңімен іске қосылуда. Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында сандық телефон байланыс жүйесі енгізілді, ауданда жаңа пошта ғимараттары салынды.

Әр жыл сайын аудан экономикасының нақты секторында өндірілген өнімнің көлемі жылдан жылға артып келеді.

Бүгінгі таңда ауданда көптеген өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысуда.

Ауданда 1 Жаңатас мемлекеттік көпсалалы колледжі, 2 кәсіптік-техникалық лицейі, 27 жалпы білім беретін мектеп, 1 мектеп-интернат, 1 кешкі орта мектеп, 1 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, балалар өнер мектебі, балалар саз мектебі, балалар-жасөспірімдер орталығы, 6 бала-бақшалар мен 7 шағын орталықтар және аула клубтары өскелең жас ұрпақ шәкірттерге білім, өнер және дене тәрбиесі салалары бойынша дәрістер берумен айналысуда. Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған Байқадам орта мектебі жанынан ашылған мектеп-интернаты жұмыс жасайды. Аудан аумағында қазіргі таңда 2 мәдениет үйі, 19 ауылдық клуб, 26 кітапхана, 1 жылжымалы автоклуб халыққа мәдени рухани тұрғыда қызмет көрсетуде.

Ауданымызда тәуелсіздік жылдарында халықтың жаңа әлеуметтік тобы – кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге өзіндік үлесін қосуда. Ауданымыздың бірден-бір өндірістік саласы «Казфосфат» тау-кен өңдеу кешені бүгінде өндіріс көлемін қарқындатып, даму үстінде. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Фосфор өндірісінің қарқыны бұлыңғыр болашақтан жарқын келешекке қарай аршынды қадам басуда.

Бір сөзбен айтқанда, Сарысу ауданының тарихы қандай тамыры тереңге бойлаған шежірелі де, сырлы болса болашағы да сондай арайлы шапағын айналасына шашқан нұрлы да, жарқын екендігін атап көрсетуге болады.