Аудан басшысы білім саласы ќызметкерлерімен кездесті

Маусым 7, 2019

Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдерін бекіту туралы облыс әкімінің өкіміне сәйкес, аудан әкімі Қанатбек Мәдібек осы аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігі білім бөлімінің ғимаратында білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, аппарат басшысы Жұмат Сақыпбеков, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ильяс Баймағамбетов және білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты.

Басқосуды аудан әкімі ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған Лаура Нұрмаханованы көпшілікке та-ныстырып өтті.

Кездесуде сөз алған бөлім басшысы, ауданның білім беру жүйесінің дамуы жайлы толық баяндап өтті.

Баяндамашы мектепке дейінгі тәрбие, орта білім беру, кадр жетіспеушілігі, ҰБТ қорытындысы, оқушылардың ОЖСБ-дағы нәтижелері, «Sapa Test» қорытындысы бойынша білім сапасы төмен болған 8 мектепте атқарылып жатқан жұмыстары туралы және білім сапасы, әдістемелік кабинет тарапынан өткізілген іс-шаралар, 2018 жылдың қорытындысы бойынша орта білім беру ұйымдарының рейтингісі бойынша мәлімет беріп өтті. Сонымен қатар үш тілде білім беруге, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жайлы да тоқталып өтті.

Қосымша білім беру, құқық бұзушылық бойынша, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары жайлы айтып, пән олимпиадаларында жеткен жетістіктері жайлы да сөз қозғады.

Кездесу барысында басқосуға қатысушылар көкейлерінде жүр-ген сұрақтарын қойды. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ҰБТ, құқықбұзушылық, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтардың жұмыстарын жандандыру керектігін айтты.  Сондай-ақ, ауданда білім нысандары қысқармайтындығын, әсіресе, елді мекендерде бала саны азайса да білім ошақтары жабылмайтындығын тілге тиек етті. Аудандағы Абай атындағы орта мектебінде алдағы оқу жылында балалар интернаты ашылатындығын және балалар жасөспірімдер орталығында қытай тілін үйрететін сыныптар жұмыс істейтінін, өйткені ауданда қытай инвесторлары жел электр станцияларын салып жатқандығын және Түркістан облысы, Шаян ауылынан келетін газды да ауданымызға Қытай инвесторлары тартатындығын айтты. Сондықтан, тіл білгеннің еш зияны жоқтығын ескертті.  «ЕвроХим» компаниясы өздеріне қажетті мамандықтар бойынша Ресейде білімін жетілдіруге 20 балаға тегін оқуға жолдама бергендігін айтып өтті. Аудан басшысы кездесу барысында, осы аптаның соңында өткізілетін Президент сайлауына бір кісідей атсалысуға шақырды.