Ұсыныстар ортаға салынды

Аптаның алғашқы күндерінен бастап  ауылдық округ әкімдері халық алдында өздерінің жылдық есептерін бере бастады. Әрбір ауыл, елді мекендердегі есеп беру жиындарында  шешімін күткен өзекті мәселелер сөз болуда. Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасарлары, кәсіпорын, мекеме басшылары тұрғындардың көкейінде жүрген  маңызды сұрақтарға нақты жауаптар қайтарып, түсінік беруде. Қамқалы ауылдық округ әкімі Алпысбай Исабаев өткен жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есепті баяндамасын Жайлаукөл ауылының тұрғындары алдында жасады.

Есептік жиынға облыс әкімдігінің бас инспекторы Самат  Төрегелдиев, аудан әкімдігінің ветеринарлық шаруашылық жөніндегі қызметі КМК-нің директоры Ұласхан Егеубаев, ветеринария мамандары, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Ауыл әкімі А.Исабаев алдағы уақытта өткен  жылда атқарылған игі істермен бірге жоспарланған жұмыстарға тоқталып,ауылдарды көркейтуге ұйымшылдықпен атсалысуға шақырды.Баяндаманы талқылау барысында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген ұсыныс –пікірлерін ортаға салды.

Жарыссөзге Жайлаукөл ауылының тұрғыны М.Әмиров ауылдың амбулатория-сына дәрігер керектігін, ауылдың клуб үйіне күрделі  жөндеу жұмыстары қажет екенін айтты. Зейнеткер Ж.Мұсылманбеков ауылдың маңайындағы Сарысу орман қоры меншігіндегі жайылымдық жерге  тұрғындардың  мал жайылуына төленетін төлемін азайту мәселесін шешу жолдарын  және  төрт түлік малдары қасқырға жем болып жатқанын жеткізіп,  жыртқыш аңдарды ауласа деген пікірін білдірді.Келесі жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Ж.Жамбылбеков көше бойындағы электр бағаналарын ретке келтірсе және аудан орталығына қатынайтын жол жөнделсе екен деген ұсынысын айтты. Жайлаукөл мектебінің мұғалімі Ш.Ибраев ауылдың ішіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар, күл-қоқысты шығаратын орынды анықтап берсе және оған қоршау керектігін айтып өтті.

Есептік жиынның соңында  ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімінің жылдық есебіне  қанағаттанарлық деген бағаларын берді.