Ауыл ажарлана түсуде

Ауыл әкімінің есебі Тоғызкент ауылдық округі Әбілда ауылында жалғасын тапты. Тоғызкент ауылдық округі әкімі Алмат Орынбеков 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы Әбілда ауылында жиын өткізді.

Басқосуға аудан  әкімі аппаратының басшысы Жұбаныш Халықбергенұлы Жарықбасов, облыс әкімдігінің бас инспекторы Самат Төрегелдиев және аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе-лерге байланысты Тоғызкент ауылдық округі әкімі Алмат Орынбековтің 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Ауыл әкімінің есепті баяндамасы тыңдалып, ауыл тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын беріп,көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ауыл тұрғыны Баянбек Абдуалиев ағымдағы жылы баяндамада көрсетілгендей көше жарықтандыру, ауыз су кіргізу жұмыстарының жүргізілгеніне алғыс білдіре отырып, ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілді, осы газды әрбір үйге қосуда бағасы қолжетімді болса десе, ауыл тұрғыны Сарсенкүл Төленбекова ауылға жаңа медпункт және дәрігер қажет екендігін, Түгіскен ауылындағы дәрігердің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Ал, ауыл тұрғыны Жексенбай Арынов былтырғы жылы көтерілген бірқатар мәселелер шешімін тапқандығын айта келе ауыл ішіндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген пікірін білдірді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Жарықбасов  ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жеке-жеке тоқталып, жауап берді.

–Әрбір үйге газ тарту жұмыстарының халыққа тиімді болуы үшін жұмыс жүргізілуде. Бағасы 100 мың теңге көлемінде болады деп күтілуде. Әрбір үйдің құжаттары рәсімделуі тиіс.

Қазіргі кезде, мемлекет болашағы бар, тұрғындар саны көп елді мекендерге ғана ақша беруде. Медпункт құрылысына байланысты бұрынғы атқарылған жұмыстар бойынша тиісті құжаттарды қарап, жұмыстар жасаймыз.

Ауыл ішіндегі көшелерді жөндеуге жобалық сметалық құжаттары жасалынған, 2020 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, жөнделеді,-деді.

Басқосуда сөз кезегін алған облыс әкімінің бас инспекторы Самат Төрегелдиев ауылдық округке келудегі бас-ты мақсаты ауылдарда қордаланып қалған мәселелерді шешу, шешімін таппай келе жатқан мәселелер облыс әкімінің назарына жеткізіліп, бақылауда тұратындығын айтты.

Аудан әкімі аппараты-ның басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша іс-шара жоспары жасалынып, бақылауға алынатынын, есеп беру жиынға бір кісідей қатысып, ауылдағы көкейкесті мәселелердің шешілуіне атсалысып, ұсыныс-пікірлерін бөліскендеріне рахмет айтып, жиынды қорытындылады.