Аудан әкімі Қ..Мәдібектің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына арналған құттықтауы

Мамыр 9, 2019

 

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері!

Ардақты ағайын!

Қымбатты көпшілік!

Бүгін дүние жүзінің барша ізгі ниетті адамзаты екінші дүниежүзілік соғыстың 74-ші Жеңіс көктемін жылы шыраймен қарсы алып отырмыз.

Бұл мереке жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Сонымен қатар, бұл мереке тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі жолындағы еселі еңбектің де, бейбіт өмірдің де жасампаз мерекесі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз жауын жеңген жеңімпаз әкелердің ұрпағымыз. Осыны қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны ешқашан естерінен шығармай, әрдайым мақтан етуі керек»,- деген ұлағатты ойы бүгінгі ұрпаққа ұран болары ақиқат.

Өйткені, ерлік-елге мұра, ұрпаққа – ұран! 

Барша аудан жұртшылығын Ұлы Жеңіс күнінің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ал, Жеңістің тәтті дәмін – оны сарғая күткен ел, оны сағын-ған халық біледі.

Жеңістің қасиетін – баласының амандығын тілеген Ана, күйеуінің есендігін бір сәтте есінен шығармаған.

Сондықтан да, Ұлы Жеңіс – мәртебесімен биік!

Жеңімпаздарымен көркем!

Қуанышымен ыстық!

Сағынышымен сырлы!

Өкініштісі, Ұлы Жеңіс – әрбір отбасына әкелген зардабымен ауыр…

Мезгілсіз келген «қара қағаздарымен» қайғылы!

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманына айналып, шындыққа ұласқан Ұлт Тәуелсіздігі мен еліміздің бүгінгі өркендеп өсуі де – осынау Ұлы Жеңістің жалғасы!

Ал, Жеңіс солдаттары – осы Ұлы Жеңістің өшпес символы!

Олай болса, қатары жыл санап азайып бара жатқан ардағы асқақ, пейілі жомарт, ниеті ақ соғыс ардагерлерін әрқашан естен шығармауымыз қажет.

Сондықтан да, соғыс ардагерлеріне деген құрмет – жүрегімізде, қошемет – ниетімізде, мейірім – тірлігімізде жүрсін, ардақты ағайын!

Қымбатты ағайын!

Қадірменді көпшілік!

Тұлпар мініп, ту ұстаған батыр бабалардың ұлы рухын асқақтатқан, көк семсердің жүзіндей жарқылдаған жауынгерлердің ерлік жолдары бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталары ақиқат.

Бұл – Ұлы Даланың мәңгілік ерлікті ұлықтаған ұлы дәстүрі!

Ал, ел тағдыры, жер тағдыры, ең бастысы ұлт тағдыры – таразы басына түскен сын сағаттарда халқымыз өршіл рухын, батырлығын, алғырлығын, отансүйгіш қасиеттерін әлемге паш етті.

Бір ғана Жамбыл облысынан  Ұлы Отан соғысына жүз мыңға жуық адам майданға аттанды.

Олардың қатарында қолына қару ұстаған Сарысу ауданының да мыңдаған азаматтары бар еді.

Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлеріміз Брест қамалы, Москва, Ленинград, Сталинград үшін болған қанды шайқастар мен Курск доғасындағы бетпе-бет ұрыстарда жігерлілік танытты.

Украина, Белоруссия, Балтық елдері мен Еуропаны жау қолынан азат етті.

Бұл – сол Ұлы Отан соғысының тарихи өшпес жолы!

Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстан халқы – әрқашан да майдан даласында ерлікпен қаза болған әр жауынгерін, әр боздақ ұлын шексіз қадір тұтады.

Олар ұлы Жеңістің – бақыт нанының дәмін таңдайларына баса алмай кетті.

Сондықтан да, біз әрқашан –мәңгі өшпес оттың алауы алдында олардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз.

Жеңіс күні – аудандағы әрбір елді-мекенде орнатылған құлпытастарға барып, гүл шоқтарын қоямыз.

Ел аманатын арқалаған аптал азаматтарымыздың ұрыс даласында ерен ерліктің үлгісін көрсеткені тарихи шындық.

Ал, өмір мен өлімнің сын сағатына түскен сол сұрапыл соғыста даңқты командир Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, қырандай ұшқыш Талғат Бегелдинов, батыр барлаушы Қасым Қайсенов, ержүрек жауынгер Төлеген Тоқтаров, құралайды көзге атқан сұрмерген Ақәділ Суханбаев, шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүктей батыр қыздары намысын жауға бермеген ер халықтың – даңқын асырып, ұлтының атағын алысқа жіберді.

Осындай ұлт батырларының қатарында аты аңызға айналған, алтын жұлдызды қаһарман жерлестеріміз сарысулық Ыбрайым Сүлейменовтің есімі әрқашан да бауырларының жадында.

Біздің киелі Сарысу жерінен майданға аттанған жүздеген жауынгерлерімізге – туған жер топырағы бұйырмады.

Қазіргі күнде ерлігі ұрпағына мұра болған Жеңіс солдаттарының қатары жыл санап сиреп бара жатқаны заман ақиқаты.

Дегенмен, бүгінде от пен оқтың ортасынан еліне аман-есен оралған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шәменов Кемелбек, Авдеев Михаил, Ібіжанов Қабыл, Маханбетов Мысалы сынды қарт ардагер жауынгерлер ортамызда жүр. Ал, Жеңіс туын еліне ұстап қайтқан солдаттар қатарындағы Сатыбалды Ошақбаев, Ұзақбай Сыздықбаев, Айтбай Назарбеков, Кертай Домбаев, Мәлік Омаров, Тоғайбек Сейтжанов, Төлен Аймағанбетов, Укаша Әбдірахманов, Елемес Тоқаев, Қасым Ысқақов, Зикен Бекенов, Донда Сембин, Бәйімбет Бекмағанбетов, Ғайнижамал Абдулина, Әлжаппар Әбдіхалықов, Ағыбай Досжанов, Әмедия Әбдікешов, Елена Григорьевна Балахметова, Қаһарман Бөпежанов, ағайынды Қабыл және Дабыл Ажақаевтар, Құлыбек Исақұлов, Арыстан Сәтиев сияқты көптеген сарысулық ерен ағаларымыз – соғыстан кейінгі ауданның халық шаруашылығын өркендетуге айрықша үлес қосқан аяулы жандар еді.Олардың есімдері – Сарысу ауданының тарихына Алтын әріппен жазылғаны уақыт шындығы.

Сондықтан да, Отан үшін от кешкен, биік азаматтықтың үлгісін танытқан жерлестеріміздің есімдері біз үшін әрқашанда ардақты болып қала береді. Өйткені, егемен елі барда – ерлер есімі ешқашанда өшпейді.

Мемлекетіміз ардагер ұрпақтың мұң-мұқтажы мен денсаулығын, тұрмыс жағдайын ешқашан назардан тыс қалдырған емес.

Оларға әрдайым үздіксіз әлеуметтік қамқорлықтар көрсетіліп, мемлекеттік қолдаулар жасап келеді.

Біздің Сарысу ауданында да Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өмірі мен тұрмысы басты назарда болып қала береді.

Сонымен қатар, соғыс ерлерінің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мен сақтау мақсатында көшелерге аттары берілген.

Бүгінде, аудан орталығы Жаңатас қаласында сұрапыл соғыста қаза болған жауынгерлеріміздің құрметіне арналған «Мәңгілік от» сөнбестей, алаулап жанып тұр.

Алдыңғы толқын ағалардың майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен соғыстан кейінгі ерен еңбегі бүгінгі жастар үшін өшпес өнеге, үлкен ұлағат.

Ардақты ағайын!

Бүгінгі жаңа дәуірдегі Қазақстанның ең басты рухани құндылықтары – Ұлт Тәуелсіздігі, татулығы мен тұрақтылығы, бірлігі мен берекесі, ырысы мен ынтымағы екені даусыз.

Сондықтан да, әрбір қазақстандықтардың, оның ішінде сарысулықтардың да парызы – осы ұлы құндылықтарды сақтай және қорғай білуінде.

Келер жылы – Ұлы Отан соғысындағы жасампаз Жеңіске 75 жыл толады.

Бұл мерейтойдың – елімізде кеңінен аталып өтілері сөзсіз.

Өйткені, Ұлы Отан соғысының – ұлт тарихында алар орны ерекше!

Бірақ, ұрпақ үшін оның мәні жоғары, мәртебесі биік!

Сондықтан да, біз бейбітшілік пен еркіндікті, соғыссыз заманды қастерлей білуіміз қажет.

Ал, жаһандық күрделі саяси ахуалдың салдарынан әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыс ошақтары аз емес.

Біздің мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты әлемде соғыс атаулысына жол бермеу, бейбітшілікті жақтау және халқына бейбіт өмірді сыйлау болып табылады.

Дорогие ветераны войны!

Уважаемые земляки!

Поздравляю Вас с Днем Великой Победы!

В эти дни мы все выражаем Вам, дорогие ветераны искреннюю благодарность за ваш подвиг на войне и великий труд в послевоенное годы.

На примере ветеранов войны мы воспитываемся в духе беззаветной любви к Родине, братсва и дружбы народовү

Поэтому война и память о ней – часть общей истории многонационального Казахстана.

Вы внесли огромный вклад в становление независимого Казахстана.Низкий вам поклон – уважаемые ветераны!

Мирного неба, счастья, благополучия всем Вам и Вашим семьям.

Пусть всегда будут мир, согласие и процветание!