Аудан әкімі Қ. Мәдібектің 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесіне арналған құттықтауы

Маусым 1, 2019

Құрметті аудан тұрғындары!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, болашаққа деген үмітін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

1992 жылдың 4 маусымында жас әрі тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді. Міне, сол жұлдызды сәттен бері рәміздер күні тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Біз – айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар қыраны күнді құшқан құдіретті Көк туымызды, ерлік пен елдіктің иісі аңқыған қасиетті Елтаңбамызды, қасқайып шырқайтын әуезді Әнұранымызды мақтан етеміз. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің туын әр жетістігімен биікке көтеруде.  

Бүгінде, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ауданда да әртүрлі мәдени-көпшілік және ұйымдастыру шаралары да жүргізілуде.

Өткізілген барлық қоғамдық-саяси, салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстар Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылып, көк Туымыз көтеріліп, ел рәміздері ұлықталуда.

Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсуде.

Құрметті сарысулықтар! 

Баршаңызды, 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз – болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!

Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!