Атшабар алаңы ашылды

Мамыр 4, 2019

Мереке қарсаңында Жайылма ауылында Сақтаған Балқыбаев атына атшабар алаңының ашылу салтанаты өтті.

Шарада аудан әкімінің орынбасары О.Көкей және жерлесіміз, құрметті қонақ Б.Мәдікенов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына жан-жақты тоқталды. Атшабар алаңының лентасын аудан әкімі О.Көкей, аудандық мәслихат депутаты Б.Дондаұлы салтанатты түрде қиды.  Сонымен қатар, Ысқақ Пірәдар мешітіне барып, құран оқылды. «Нұрасыл» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, аруақтар рухына құран бағышталды. Түс ауа Шабақты өзенінің бойындағы орталық атшабарда аламан және тай бәйгелеріне Тараз қаласы, Алматы облысы, Сарысу, Талас, Меркі, Жамбыл, Т.Рысқұлов, көршілес Созақ аудандарынан келген құйма тұяқ сәйгүліктер қатысты. Нәтижесінде тай бәйгесінде Тараз қаласынан келген Н.Егенбердиевтің «Қазынасы» 1-орынды жүз мың теңгені жеңіп алды. Талас ауданынан келген  Орынбасардың «Торысы» 2-орынды елу мың теңгені иеленді. Меркі ауданынан келген Қ.Айтуаровтың «Қара қасқасы» 3-орын отыз мың теңгені қанағат тұтты. Меркі ауданынан келген Ғ.Мырзахметовтың «Қарагері» төртінші, Талас ауданынан келген А.Демесіновтың «Торысы» бесінші орындарды иеленді.

Саудакент ауылынан келген  Е.Тоқаевтың аты  мәрені бірінші басып өтіп, автокөлікті еншіледі.  2-орынды Байзақ ауданынан келген Ж.Абдібековтың сәйгүлігі жеңіп алып, тайлақты қанжығасына байлады. Үшінші болып мәреден өткен Меркі ауданынан келген  Қ.Жүнісовтың аты тайыншаны иеленді. Тараз қаласынан келген Ж.Ділтановтың аты төртінші, Т.Рысқұловтан келген С.Сейітқанның аты бесінші, Жамбыл ауданынан келген Н.Амаловтың аты алтыншы, Тараз қаласынан келген Қ.Құлсеріковтың аты 7-орындарды иеленді.Жарыс соңында сайысқа қатысушылар мен жеңімпаздар аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдары және Сақтаған Балқыбаевтың ұрпақтарының атынан қомақты сыйлықтарымен марапатталды.

Шара Жайылма ауылындағы  жаңадан ашылған  атшабарда көкпар ұлттық ойынымен жалғасын тапты.