АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР-АЙШЫҚТЫ, ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР-ЖҮЙЕЛІ

Желтоқсан 28, 2020
Ел абыройын асқақтатып жүрген небір дүлдүлдер мен дарындар қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында дүниеге келді. Сондықтан ауыл -ел бесігі деп бекерге айтылмаған.
Таусылмас рухани қазынамыз, тұнып тұрған тарихымыз да сонда. Ауыл-ата-бабаларымыздың кіндік қаны мен маңдай тері төгілген киелі мекені, халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, қуат алар қайнар көзі.
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі, оның әлеуметтік жағдайы көтеріледі.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, күре тамыры.
Бүгінгі таңда ауылдарымыздың жолдары жөнделіп, ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Елбасы мен Президентіміздің Жолдауы арқасында ауылдарымыз жылдан жылға көркейіп, дамып келеді.
Бүгінде ауылдардың тиісті мемлекеттік бағдарламалар аясында дамуына айрықша назар аударылуда.
Қазақстан Республикасың Тәуелсіздік күні мерекесі мен жаңа жыл қарсаңында Сарысу ауданында қуантарлық оқиғалар көптеп орын алуда.
2020 жылды айшықты істермен, жүйелі жұмыстармен аяқтауға жақын ауданымыздағы ауылдық округтерде де қуанышты жаңалықтар орын алуда.
Осындай қуанышты жәйттің бірі 1720-дан тұрғын тұратын Жаңарық ауылдық округіне қарасты Ұ.Сыздықбайұлы және Ақтоғай елдімекендерінде.
Ұзақ жылдар бойы халықтың арманына айналған ұялы байланыс жүйесі осы жылдың соңында оң шешімін тапты.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жарық мәселелсі де өзекті болатын.
Осы аталған екі басты мәселе орындалып, ауылдықтардың қуаныштарында шек болмауда.
Атап айтқанда, екі ауыл орналасқан Жаңатас – Тараз бағытындағы үлкен жолдың бойына диодты жарықшамдар орнатылды.
Сонымен қатар, Ұ.Сыздықбайұлы ауылында Актив және Ақтоғай ауылында Билайн ұялы байланыс жүйесі интернет желісімен қоса қосылды.
Ауыл тұрғындары мен Ақтоғай ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы С.Аппазов, Ұ.Сыздықбайұлы ауылының ардагері Е.Тілеубаев және қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар мен білімгерлер «Нұр Отан» партиясының, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сындарлы саясатына ризашылықтарын білдіруде.
Сондай-ақ, аудан әкімі Жақсылықов Бақытжан Алпысұлына осындай істерге қамқорлық танытқанына алғыстары шексіз.
Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған ауқымды жобаның арқасында аудан орталығымен қоса барлық ауылдық аймақтар келбеті ажарланып, абаттандырылуда.