Банктік салым шарттары. Заңнамадағы соңғы өзгерістер.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау, қаржы ұйымдарының қызметін тәуекелге бағдарланған қадағалау, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 2 шілдедегі № 168-VІ Қазақстан Республикасының Заңымен банктік салым шарттарына қатысты 2018 жылғы 18 қазанда заң күшіне енген Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне де өзгерістер енгізілді.

Азаматтық кодекстегі негізгі өзгерістер екінші деңгейдегі банктерде банк салымдарын (депозиттерді) жүзеге асыру тәртібіне қатысты. Ең бастысы, банк салымдарының жіктелуі өзгерді. Егер, бұрын банк салымдары талап етілгенге дейінгі, мерзiмдi және шартты салымдарға бөлінсе, қазіргі кезде оларға жинақ салымы деген тағы бір түрі қосылды.

Банк салымдарының барлық түрі сыйақы мөлшерлемелері және салымды белгіленген мерзімнен бұрын алу талаптары бойынша ерекшеленеді. Сонымен бірге, мерзімді және жинақ салымның сыйақы мөлшерлемесіне салымның мерзімі, салымды толықтыру мүмкіндігі және шарттың басқа талаптары әсер етеді.

Ең аз сыйақы мөлшерлеме, әрине, талап етілгенге дейінгі салымдарда – ағымдағы заңнамаға сәйкес ол жылдық 0,1 пайыздан аспауы керек, ең жоғары – мезімдік және жинақ салымдарда. Мысалы, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) ұсынған ұлттық валютадағы депозиттердің ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері мерзімсіз салымдар бойынша 10,5 пайыз, мерзімдік салымдар бойынша  12,5 пайыз, жинақ салымдар бойынша 13,5 жылдық пайызға дейін жетеді.

2019 жылғы 1 шілдеден бастап ұсынылған мөлшерлеме халықтың теңгедегі мерзімсіз депозиттері бойынша 9,8 пайызға дейін азаяды, мерзімдік және жинақ депозиттері бойынша бұрынғысынша қалады. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан жоғары мерзімдегі шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша мөршерлеме 2%-ға дейін көтерілді. Бұрын шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөршерлеме жылдық 1 пайызды құрайтын.

Сонымен бірге, ҚДКБҚ қайтаруға кепілдік беретін сома ұлттық валютадағы жинақ салымдарға – 15 млн. теңге, ұлттық валютадағы басқа салымдарға – 10 млн. теңге, шетел валютасындағы салымдарға – 5 млн. теңгені құрайды.

Салымның түріне байланысты салымды мерзімінен бұрын алу талаптары да өзгереді. Егер талап етілгенге дейінгі салымды шектеусіз, қалаған уақытта алуға болатын болса, мерзімдік, шартты және жинақ салымдарды белгіленген мерзімнен бұрын алу айыптық шараларды қолдануға апарып соғады:

– мерзімдік және шартты салымдар бойынша, егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.

– жинақ салымы бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.

Сонымен бірге банк мерзімді салымды немесе оның бір бөлігін салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей беруге міндетті, ал жинақ салымды салымшының талабы  түскен уақыттан бастап күнтізбелік отыз күннен ерте бермеуі тиіс.

Депозит ашқанда салым шартын ұзарту талаптарына назар аудару керек. Өйткені, ҚР Азаматтық кодексінің 759 бабына сәйкес, егер салымшы мерзімді және жинақ салымдарының сомасын олардың мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банктік салым шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банктік салым шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады. Яғни, егер шартта оны бұрынғы талаптармен ұзарту туралы талап болмаса, онда шартты тезірек жаңарту керек, әйтпесе оның мерзімі біткеннен кейін сыйақысы шамалы болады.

Салымдардың жаңа жіктеуі халыққа жинақ ақшаларды сақтау үшін жаңа мүмкіндіктер тудырады. Сонымен бірге, өзгерістері 2018 жылғы 1 қазаннан кейін қабылданатын немесе ұзартылатын жеке тұлғалардың салымдарына таралады. 1 қазанға дейін қабылданған салымдарға бұрын жасалған шарт талаптарына сәйкес қызмет көрсетілетін болады.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

бас маман – заң кеңесшісі 

Жұлдыз Үмбетәлиев