Мамыр 13, 2019

Соғыстың соңғы сарбаздары

  Қабыл Ібіжанов

1926 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1935-1942 жылдары Сталин колхозындағы мектепте білім алып, «Шилі» колхозында жұмысшы болып орналасқан. 1944 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Румыния, Болгария, Эстония, Архангельск қалаларындағы ұрыстарға қатысты.

Соғыстан кейін 1950-1952 жылдары елге оралып, аудандық шикізат дайындау мекемесінде статист болды. 1952-1966 жылдары аудандық тұтыну одағы мекемесінде есепші, ревизор қызметтерін атқарды. 1967-1982 жылдары аудандық жұмыспен қамту мекемесінде инспектор қызметін атқарды. 1986 жылдан бас-тап зейнеткер. 

8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген.

Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Маршал Г.Жуковтың» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Омырауындағы күн көзіне шағылысқан орден-медальдар отты жылдардағы ерен ерлігі мен елге сіңірген еңбегінің лайықты бағасы. 

Бүгінде 90-шы көктемін қарсы алған майдангер ата жауынгерлердің ерлігімен келген бейбітшіліктің іргесі сөгілмесін деп тілейді. Немере-шөбере сүйген ұлағатты отбасының алтын діңгегі.

 

Кемелбек Шаменов

1921 жылдың 15 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1941 жылы мектептің 5-сыныбын бітірген соң, Сырдария облысы, Сырдария ауданынан соғысқа аттанған.

1942 жылы соғыс даласында ауыр жарақаттануына байланыс-ты елге оралды. Соғыстан кейін «Алексей нан» заводында жүк тасушы, «Қаратау» тау-кен өңдеу  кешенінде жұмысшы болып істеп, 1977 жылы зейнетке шыққан.  Бүгінде 1 ұл, 3 қызы, немере- шөберелері бар қазыналы қария.

Қария Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, «Маршал Г.Жуковтың» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Сұрапыл соғыстың оғы мен отынан, өмірі мен өлімінің ортасынан елге аман-есен оралған кешегі жеңімпаз-жауынгер, бүгінгі алтын қазынамыз-ардагер атамыз жас ұрпаққа алғысын білдіріп, бейбіт өмірде ел басына бұлт үйірілмесін деп, ақ батасын беріп отырады.

Михаил Ризванович Авдеев

1926 жылғы 4 қаңтарда Башқұрт АССР Чекмагуш ауданы Новокутовка ауылында туылған. 1932-1936 жылдары татар тіліндегі 4 сыныптық мектепте оқыған. 1936 жылы Қырғыз Республикасы Джалалабад облысы Октябрь ауданына көшіп, орыс тілінде оқуын жалғастырған. 1939 жылы тау-кен шебері оқуына жіберілді.

1940 – 1942 жылдары арнайы жолдамамен Өзбекстандағы Фархад су электр станциясында жұмыс істеді. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. Алматы қаласында кавалерия мектебін бітіріп, 3 – кавалерия корпусы құрамында 2-Белорус майданы Брянск қаласында ұрысқа  кірді.  Курск доғасындағы ұрыстарға, Белоруссия, Польшаны, Германияны және Шығыс Пруссияны азат етуге қатысты.Кенисберг түбінде ауыр жараланып, госпитальға жіберілді. 1945 жылы Горький қаласындағы танкистер мектебін бітіріп, шығысқа Жапон соғысына жіберілді. Кейін КСРО Қорғаныс Министрлігінің шаруашылық басқармасында жұмыс істеді. 1948 жылы Қырғызстанда темір жол қызметкері, 1953 жылы Шымкент облысы Ащысай ауылына көшіп келеді. Зейнетке шыққанға дейін осы жерде «Ачполиметалл» кенішінде жұмысшы, 1979 жылдан Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында тұрады. 1988 жылға дейін қаладағы «Қаратаухимстрой» тресінде жұмысшы болған.

2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Мысалы Маханбетов

1925 жылдың 15 қаңтарында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 1934-1941 жылдары Коммунар орта мектебінде оқып, білім алған. 1941-1943 жылдары ауылда жұмыс істеген. 1943 жылы майданға алынып, №53 минометшілер батальонында минометші, снайпер болған.

1950 жылы елге оралып, соғыстан кейінгі еңбек жолын Алматы қаласындағы кинофикация техникумында дәріс алады. Аудандық мәдениет үйінде жылжымалы киноқондырғы саласында он бес жыл еңбек етті. 1979-1991 жылдары Жаңатас қаласындағы автокөлік мекемесінде қызмет атқарды. 1986 жылдан зейнеткерлікке шықты.

Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Маршал  Г.Жуковтың» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Бейбіт өмірде ардақты ардагеріміз жас ұрпақпен өз тәжірибесін бөлісіп, кейінгіге өсиет айтып отыратын ардақты ата.